×

Астанада дәрігерлер жүкті әйелдің басына ота жасап, босандырып алды

Әйел жүктіліктің сегізінші айында болған

 Дәурен Ерболат 28.09.2023 | 16:38
Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Ұлттық нейрохирургия орталығында нейрохирургтар мен акушер-гинекологтар бірлесіп, жүкті әйелге бір сәтте екі операция жасады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен дәрігерлер науқастың миындағы ісікті алды. Содан кейін жүктіліктің 34 аптасында болған әйелді кесарь тілігі арқылы босандырды. 2 операция бір сәтте жасалды.

Биыл шілдеде жас әйелдің басынан үлкен ісік анықталды. Жүктіліктің 29-аптасында науқас Ұлттық нейрохирургия орталығына жатқызылды. Нейрохирургтар әйелдің сол жақ маңдай бөлігіндегі ісікті алып тастау үшін операция жасады. Осыдан кейін болашақ ананың жағдайы жақсарып, ол үйіне жіберілді, - деп жазылған хабарламада.

Алайда әйелдің денсаулығы нашарлай бастаған.

Науқастың миына МРТ жасалды. Нәтижесінде ісіктің ұлғайғаны анықталды. Салдарынан пациенттің қозғалып, сөйлеуі қиындады. Дәрігерлер мидың сол жағындағы ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастау үшін екінші рет ота жасады. Осылайша, үлкен ісік сәтті алынды. Осы сәтте нейрохирургтармен бір мезгілде Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушер-гинекологтары жұмыс істеп жатты. Олар кесарь тілігі арқылы әйелді босандырды, - деп жазылған хабарламада.

Салмағы – 1 350 грамм, бойы 48 см болатын сәби дүиеге келді. Ол Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы неонатология бөлімшесіне ауыстырылды.

Екі операция да сәтті өтті. Бүгінде баланың жағдайы жақсы. Науқас та өзін жақсы сезінеді. Оның жағдайы одан әрі жақсарған соң үйіне жіберіледі, - деп жазылған хабарламада.

Оталарды Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының үздік дәрігерлері жасады: ми патологиясы нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Нұржан Рыскелдиев, нейрохирург Мұратбек Тілеубергенов, анестезиолог Оразғали Құрбанбаев, анестезистер Роза Жақсымбекова, Гаури Бапаева, Қарлығаш Тоғызбаева, балалар анестезиологы Талғат Ибраев және неонатолог Құралай Сәулетбек.

Айта кетейік, нейрохирургия орталығының дәрігерлері мұндай операцияны осымен үшінші рет жасап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама