×

Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 100 мыңға жуық адам зардап шеккен

Ахуал қала маңындағы жолдардың сапасыздығымен және жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен күрделене түседі

 Динара Амантай 28.09.2023 | 15:30
Фото: Halyq Uni

Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелері Үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

28 қыркүйекте бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және арттыру бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралардың тиімділігі мәселесі бойынша заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан Республикасы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Үйлестіру кеңесінің жұмысына Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктердің басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.

Талқылау барысында соңғы бес жылда елімізде 75 мың жол-көлік оқиғасы тіркелгені, онда 100 мыңға жуық адам зардап шеккені айтылды.

Күн сайын автокөлік апаттарында бірнеше адам жарақат алып, қаза табады. Апаттардың төрттен бірі жылдамдық режимінен асып кету салдарынан болған. Сондай-ақ апаттар жол қозғалысы ережелерін бұзу, соның ішінде мас халде көлік жүргізу, бақылаусыз мал жаю салдарынан болған.

Көбіне жаяу жүргіншілердің өздері жол-көлік оқиғаларына кінәлі болады. Осы жылдың өзінде 233 ЖКО болып, соның салдарынан 40 адам қаза тауып, 155 адам түрлі жарақат алған.

Ахуал жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігімен, әсіресе қала маңындағы жолдардың сапасыздығымен және жолаушыларды заңсыз тасымалдаумен күрделене түседі. Мысалы, Қарағанды – Балқаш тасжолының учаскесін (ұзындығы – 362 шақырым) реконструкциялаудың ұзақ уақытында 2019 жылдан бері 99 ЖКО болған.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдау қажет. Көлік жүргізу тәртібін бірлесіп арттыру, кез келген құқықбұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидатын сақтау керек, - деп атап өтті Берік Асылов.

Талқылау қорытындысы бойынша өңірлердің әкімдеріне бейінді министрліктермен бірлесіп, қосымша жаяу жүргіншілер өткелдерін салу мәселелерін пысықтау, қажетті жол белгілерін орнатуды және жол құқықбұзушылықтарын тіркейтін автоматты камералар желісін кеңейтуді қамтамасыз ету ұсынылды. Оқушылар үшін қауіпсіз орта құруға ерекше назар аударылатын болады.

Ішкі істер министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінің тізілімін жасау, проблемалардың тізбесін айқындау және оларды дәйекті шешу ұсынылды.

Сондай-ақ ережелерді өрескел және бірнеше рет бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске түзетулерді пысықтау туралы мәселе көтерілді.

Жалпы, жол апатын азайту үшін еліміздің жолдарындағы жағдайды түзетуге бағытталған бірқатар басқа ұйымдастырушылық және заңнамалық шаралар әзірленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама