×

«Росатом» АЭС салу үшін Қазақстанға технологияларын ұсынып отыр

Қазақстандық тараппен бірқатар келіссөз жүргізілді, - дейді Сергей Громов

 Еркеғали Болатұлы 26.09.2023 | 16:49
фото: дереккөз

«Росатом» Қазақстанға атом электр станцияларын салу үшін әлі ешкімде жоқ ең заманауи технологияларын ұсынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне «Росатом Центральная Азияның» («Росатомның» еншілес компаниясы) бас директоры Сергей Громов айтып берген.

Әзірге ешқандай келісім болған жоқ. Қазақстан халқы мен Үкіметінің шешімін күтіп отырмыз. Біз өз тарапымыздан бізден басқа ешкімде жоқ ең заманауи технологияларды ұсынамыз. 3+ АЭС технологиялары – ең озық және ең қауіпсіз технологиялар, - деп түсіндірді Сергей Громов.

Бұл ретте ол «Росатом» өз тарапынан Қазақстанға ұсыныс жасап қойғанын мәлімдеді.

Қазақстандық тараппен бірқатар келіссөз жүргізілді. Біз өз тарапымыздан станса бойынша алдын ала ұсыныс бердік. Әзірге диалог жалғасын тапқан жоқ. Себебі бұл жобаны іске асыру туралы шешім қабылданбаған, - деді Сергей Громов.

Сондай-ақ ол энергетикаға арналған технологиялар тақырыбындағы арнайы сессияда сөйлеген сөзінде атом энергетикасы Қазақстан үшін жаңалық емес екенін айтты.

«Росатом» мемлекеттік корпорациясы Орталық Азия елдеріне ерекше көңіл бөледі. Қазақстанға келетін болсақ, бұл елмен бізді көп жылдық әріптестік пен достық қарым-қатынас байланыстырады. Қазақстанның әлемдік атом энергетикасының бастауында болғаны баршамызға белгілі. Сондықтан атом энергетикасы Қазақстан үшін жаңалық емес. АЭС-ті бірлесіп салу біздің алдағы онжылдықтардағы стратегиялық ынтымақтастығымыздың локомотиві болуы мүмкін», - деді Громов сессияда сөйлеген сөзінде.

Бүгінде Қазақстанда Балқаш көлі жағасына АЭС салу мәселесі талқыланып жатқаны мәлім. Бұл мәселе референдумға шығарылады. Ал референдум өтетін күн әлі жарияланған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама