×

Шымкентте мұғалімді алдап соққан алаяқ қамауға алынды

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 26.09.2023 | 11:52
Фото: polisia.kz

Шымкентте мұғалімді алдап соққан алаяқ қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Абай аудандық ПБ-ға мектеп мұғалімі алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Ер адам банктегі 4,6 млн теңге несиесін жабу үшін бейтаныс келіншектің көмегіне жүгінген. Алаяқ әйел оны «банкроттық жариялау арқылы қарызыңды толық өтеп беремін» деп сендіріп, өз қызметі үшін 120 мың теңге алып, ізін суытқан.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркеді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, қала аумағында ұсталып, полиция басқармасына жеткізілді.

Тергеу барысында жергілікті тұрғынның бұған дейін осыған ұқсас қылмысы үшін сотталғаны және мұғалімнен кейін тағы бір кәсіпкерді алдап соққаны белгілі болды. Ол кезекті құрбанын «мемлекеттен қайтарымсыз 5 миллион теңге грант алып беремін» деп сендіріп, 350 мың теңгеге сан соқтырған.

Қазір күдікті әйел қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама