×

Күрестен ӘЧ: Жәмила Бақбергенова қола жүлдегер атанды

Қазақстан спортшысы осымен қатарынан үшінші рет әлем чемпионатының медалисі болып отыр

 Дастан Жұмабекұлы 22.09.2023 | 10:41
Фото: facebook.com/musagali.taskaliev

Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан күрестен әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова әйелдер күресінен қола медаль жеңіп алды.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, ұлттық құраманың көшбасшысы Польшаның өкілі Наталья Ивона Стшалканы 4:1 есебімен жеңіп, осымен үшінші рет қатарынан әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұған дейін 27 жастағы спортшы 2019 жылы Норвегияның Осло қаласында жалауы желбіреген дүниежүзі бәсекесінде, одан кейін былтыр Белградта өткен жарыста күміс жүлдеге ие болған. Жәмила Бақбергенова – әйелдер күресінде мұндай нәтижеге жеткен тұңғыш қазақ спортшысы.

Бақбергенова чемпионатты 1/8 айналымнан бастап, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, серб Фанни Нагидың жауырынын жерге тигізіп, сосын ресейлік Ксения Бураковадан 7:1 есебімен айласын асырды Алайда жартылай финалда Даваанасан Энх Амарынға жол берді.

Осы ретте Жәмила Бақбергенованың 72 келі салмақта Азия чемпионатын үш рет жеңіп алған тұңғыш қазақ спортшысы екенін де айта кетейік. Қазір оның еншісінде Азия чемпионатының 5 медалі (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) бар.

Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатынан кейін ұлттық құрамамен елге оралып, Қытайда өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарына дайындықты бастайды. Ханчжоу қаласында ол Олимпиада бағдарламасына кіретін 76 келі салмақта бақ сынап, тәжірибелі Эльмира Сыздықованың орнын басады.

Жалпы, Сербия астанасындағы әлемдік дода 24 қыркүйекте мәресіне жетеді. Онда 77 мемлекеттен жиналған мыңға тарта спортшы әлем чемпионын анықтап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама