×

Елордада жетінші сынып оқушысы 12-қабаттан секіріп ажал құшты

Астананың символына айналған тұрғын үй кешенінің 12-қабатынан кеше сағат екілер шамасында 14 жасар жасөспірім секіріп кеткен

 Халық үні 21.09.2023 | 20:46
Фото Press.kz

Елордада жетінші сынып оқушысы 12-қабаттан секіріп ажал құшты. Қайғылы жағдай «Триумф Астана» деп аталатын көпқабатты тұрғын-үй кешенінде болған. Екінші ауысымда оқитын бала мектепке бармай, тура өзі тұратын қабаттың балконынан секірген, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Астананың символына айналған тұрғын үй кешенінің 12-қабатынан кеше сағат екілер шамасында 14 жасар жасөспірім секіріп кеткен. Бірден жан тәсілім еткен бала дәл сол қабатта тұрған. Қазір айналада мүлгіген тыныштық орнаған. Осы үйдің тұрғындары, дүкен сатушылары барлығы үрейленіп, «далаға шығудан қорқып қалдық» деп отыр.

Қайғылы жағдайды бірінші болып осы үйдің консъержі байқаған. Даладағы абыр-сабырды көзі шалған ол бірден жүгіріп шыққан. Сөзінше, бұл отбасы «Триумф Астана» тұрғын үй кешеніне үш ай бұрын көшіп келген. Ата-анасы сондай ізетті, жылы жүзді деп отыр.

«Маған өзіміздің қыздар айтты. Сіздің секциядан бала құлаған. Мен «мүмкін емес» деп жүгіріп шығып қарасам, жатыр екен. Баланы бірден таныдым, етбетінен жатыр екен. Жаман болдым», - дейді консъерж Жанатгүл Мансұрова.

Қазір баланың өліміне қатысты уатсап мессенжерінде түрлі қауесет тарап кеткен. Жасөспірім мектепте қатарластарынан теперіш көрді деген нұсқаға жұрттың басым бөлігі илануда. Өмірден баз кешіп, 12-шің қабаттан секіруіне сол себеп болуы мүмкін. Ал мектеп басшылығы суицидке барған баланың мінез-құлық, күнделікті дағдыларынан еш теріс әрекет байқамадық деп отыр. Ұстаздар қауымы тек «буллингті атай көрмеңіз» деп білім ордаларына шаң жуытпады.

«Бала сабақтан қалмайтын. Кәдімгі барлық бала сияқты сабаққа қатысатын. Оқитын мүмкіндігінше. Енді айта алмаймын, озат оқушы деп. Жалпы сабаққа келіп, оқып, қалмайтын бала. Сыныптастарының айтуынша, Арыстанның жанында балалар болмаған. Бізде екінші ауысым сағат екіде басталады. Ол кезде мектепте болды. Сабақта болды», - дейді №17 мектеп-лицей директорының орынбасары Гүлхан Мазова.

Айналдырған үш жылдың ішінде бұл мектепте екінші бала осындай көпқабатты үйден секіріп кеткен. Екеуі де 7-ші сынып оқушылары. Суицидтің себебі әлі күнге дейін анықталмаған. Қазір құзырлы органдар тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті.

«Алдын ала ақпарат бойынша ол үйдің терезесінен құлап кеткен. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 105-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деді Астана ПД баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова.

Өз өмірін оп-оңай қатерге тігу жастар арасында үйреншікті құбылысқа айналып бара жатыр деп депутаттар да алаңдаулы. Сондықтан оқу орындарында тәртіпті, әсіресе телефонға қатысты тыйымды күшейту керек деп санайды сенатор Бибігүл Жексенбай.

«Жалпы мектеп оқушыларына 9-сыныпқа дейін телефон, смартфон ұстауға рұқсат бермеу керек. Өйткені телефоннан өзіне көрсететін қысымды түсіріп, жаю, өзіне жеңіл абырой жинау, жеңіл мақтаныш көрсету мақсатында пайдаланатындар бар. Депутаттар енді мектептегі буллинг мәселесін үкіметтік деңгейде көтермекші. Себебі статистика, жылына кемі 10 жасөспірім қатарластарының мазақ қылып, ортада беделін түсіруінен өмірімен қоштасып жатқанын көрсетіп отыр», - дейді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама