×

Байқоңырдағы ресейлік мектептерде Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәндері енгізілуі мүмкін – БАҚ

Тиісті тапсырма «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша берілген

 Ербол Тұрымбет 14.12.2021 | 11:22
көрнекі фото: baikonuradm.ru

РФ Оқу-ағарту министрлігі мен ҚР Білім министрлігі Байқоңырдағы ресейлік орта мектептердің бағдарламасына Қазақстан тарихы мен қазақ тілі пәнін енгізуді қарастырып жатыр. Бұл туралы ТАСС агенттігіне Байқоңыр қаласындағы сенімді дереккөзден хабарланған.

Дереккөздің хабарлауынша, Байқоңырдағы ресейлік мектептердің бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бойынша оқу бағдарламасына «Қазақстан тарихы», «қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізуді қарастырып жатыр.

Тиісті тапсырма «Байқоңыр» кешені бойынша үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша берілген. Тараптар 2022 жылдың шілдесіне дейін мәселені пысықтау нәтижесі туралы үкіметаралық комиссияның тең төрағаларына есеп беруі керек.

Еске салайық, 13 желтоқсанда ҚР вице-премьері Роман Скляр мен РФ вице-премьері Юрий Борисовтың төрағалығымен «Байқоңыр» кешені бойынша жетінші үкіметаралық комиссияның жалпы отырысы өтті.

Бүгін Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұл ақпаратқа қатысты пікірін білдірді.

Байқоңыр қаласының мектептерінде қазақ тілі, қазақ әдебиеті мен Қазақстан тарихын оқыту жайлы келістік. Бұл пәндер ресейлік және қазақстандық стандарттар бойынша оқытатын мектептерде енгізіледі, - деді Әбдіқалықова.

Облыс басшысының айтуынша, қазір екі елдің білім министрліктері жұмыс механизмін пысықтап жатыр. Қызылорда облысы өз тарапынан мектептерді білікті мұғалімдермен, оқулықтармен, қажетті материалдармен қамтамасыз етпек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама