×

Елімізде 40 мыңға жуық оқытушы кәсіби біліктілігін арттыру курстарынан тегін өтті

Курстар биыл қараша айының соңына дейін жалғасады

 Динара Амантай 15.09.2023 | 10:57
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда пән мұғалімдерінің біліктілігін арттырудың тегін курстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін бұл курстардан елімізде 40 мыңға жуық педагог өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, курстар биыл тамызда басталған. Курс бағдарламаларын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы әзірлеп, өткізеді. Орталық осы жылы 55 мыңнан астам пән мұғалімін оқытуды жоспарлап отыр.

Өрлеу орталығы бір айда 300-ден астам курс өткізді және оған 8 мыңнан аса мұғалім қатысты. Бүгінде 3 мың педагог әлі де оқып жатыр. Олар курстардың қорытындысы бойынша тест тапсырады. Айта кету керек, кәсіби біліктілігін арттырғысы келетін ұстаздар саны жыл санап артып келеді. Мұндай курстар педагогтердің жұмысының сапасына, білім беру сапасына және жалпы оқушылардың білім деңгейін де айтарлықтай арттыруға ықпал етеді, – деді «Өрлеу» БАҰО» АҚ төрағасы Еламан Айбулдинов.

Сондай-ақ курстардан математика, информатика, физика, химия, биология, география, жаратылыстану, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих және бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарынан тегін өте алады. Курстар осы жылдың қараша айының соңына дейін жалғасады.

Курстан өту нәтижесі бойынша оқытудың тиімділігін талдау және алынған білімді қорытынды бағалау жүргізіледі. Содан кейін ғана мұғалімдерге сертификат беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама