×

Жалған ақша сатқандар Швециядан Қазақстанға экстрадицияланды

Олар жалған 4 мың еуроны сатып жіберген

 Дәурен Ерболат 15.09.2023 | 10:15
Фото: ura.news

Жалған ақша сатқандар Швециядан Қазақстанға экстрадицияланып, 5 жылға сотталды, деп хабарлады ҚМА.

Агенттіктің ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті 4 мың еуро болатын жалған ақшаны (номиналы 500 еуро) сату дерегін тергеуді аяқтады.

Бұған дейін 2021 жылы қала банктерінің бірінің қызметкерлері алдын ала сөз байласу арқылы тұтынушыларға жалған 4 мың еуро сатқан. Бұл дерек бойынша тергеу жүргізілген. Осылайша, 5 банк қызметкері кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сондай-ақ банк қызметкерлеріне жалған еуроны сатқан азаматқа халықаралық іздеу жарияланып, ол биыл наурызда Швецияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды.

Маусымда күдікті мен оның әйеліне қатысты іс сотқа жіберілді. Сот үкімімен аталған адамдар кінәлі деп танылып, олар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҚМА қазақстандықтарды сақ болуға, қолма-қол ақшаны мұқият қайта санап алуға шақырады.

Сіз жалған ақша тауып алсаңыз, оны сатуға тырыспаңыз. Себебі қаражатты қайтарып алуға деген ұмтылыс қылмыстық жауапкершілікке (Қылмыстық кодекстің 231-бабы) алып келуі мүмкін. Жалған купюраны тапсаңыз, бірден тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз, - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама