×

Тоқаев Орталық Азияны дамыту жолын ұсынды

Мемлекет басшысы Душанбеде баяндама жасады

 Дастан Жұмабекұлы 14.09.2023 | 17:42
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде баяндама жасады.

Президент өз сөзінде саммиттің Орталық Азия елдері үшін маңыздылығын айта келіп, оның көпжақты ынтымақтастықты нығайтуда айрықша рөл атқаратынына сенімді екенін атап өтті.

Осы ретте ол Орталық Азия мемлекеттері өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде кеңейтіп келе жатқанын, бизнес арасындағы байланыстар жанданып, бірлескен кәсіпорындар саны арта түскенін, ірі аймақтық жобалар баарлық елге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, сонымен қатар Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын өзгертіп жатқанын айтты.

Соңғы бес жылда өңірішілік тауар айналымы 80 пайыздан астам өсіп, 10,6 миллиард долларға жетті. Мұнымен шектеліп қалмайтынымызға сенімдімін. Сауда-саттықты одан әрі дамыту үшін елдеріміздің әлеуеті зор, – деді ол.

Сонымен бірге мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың көпжақты байланыстарымызды тереңдетуге үлкен септігін тигізіп жатқанын, .бұл маңызды саланың жылдан-жылға сапалы әрі жаңа мазмұнмен толығып, Орталық Азия елдерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлерін, достығы мен тату көршілігін нығайта түсіп отырғанын жеткізді.

Мұның бәрі мемлекеттеріміздің өзара табысты қарым-қатынасына және жалпыөңірлік өзекті міндеттердің тиімді шешілуіне ықпал етеді, – деді президент.

Оның айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы барлық елмен арадағы көпжақты ынтымақтастықты кең көлемде нығайтуға бағытталған стратегиялық бағдарды берік ұстанып келеді.  Ортақ іс-әрекеттер синергиясы мен өзара қолдау бауырлас халықтарымыздың өркендеуіне және әл-ауқатының артуына жол ашып жатыр.

Осы орайда президент бірлескен жұмыстың нақты бағыттарына қатысты өзінің нақты ұсыныстарын жеткізді.

Бірінші. Елдеріміз арасындағы сауда-саттық қарқынын дәйекті түрде ұлғайту қажет.

Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар екені байқалады. Жоғарыда атап өткенімдей, аймақ мемлекеттері арасындағы өзара сауда тұрақты түрде өсіп келеді. Біздің елдеріміздің өзара тауар айналымын алдағы уақытта 15 миллиард долларға дейін жеткізу үшін мол мүмкіндік бар.

Қазақстан өңірдегі елдерге өз экспортын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ұлғайта алар еді.

Елдеріміздің іскер топтары сауда айналымын кеңейтетін негізгі жетекші күш болуға тиіс деп санаймын. Сондықтан, менің ойымша, оларға қолайлы орта қалыптастыру жұмысына баса мән беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы кәсіпорындар арасында тікелей байланыс орнату үшін тауар өндірушілердің бірыңғай электронды базасын құруды ұсынды. Оның айтуынша, электронды базаны Central Asia Gateway порталы аясында іске асыруға болады. Одан кейін президент Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынатынын айтты.

Екінші. Өнеркәсіп кооперациясы.

Бүгінде жаһандық өндірісте қысқа, аймақтық, орнықты жеткізу тізбектерінің қалыптасу үрдісі байқалады. Осы орайда азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс және химия өнеркәсібі салаларында тауар өндіру бойынша кластерлік кооперациялық жобалар жасау ісінің әлеуеті зор.

Осыған байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің өнеркәсіптік кооперациясын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамын. Бұл жоспар тауарлардың жекелеген түрлерін өндірудің тұйық циклін қалыптастырып, алдағы уақытта үшінші елдердің нарықтарына экспорттауға бағытталар еді, –  деді президент.

Саммитте Орталық Азия елдерінің президент көлік-логистикалық әлеуетін толық іске асыру керектігін атап көрсетті.

Үшінші. Елдеріміздің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру.

Бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады. Біз әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Қытай, Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық ауқымы ұлғаяды деген болжам бар.

Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз. Қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқарады.

Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниеттіміз, – деді ол.

Осы ретте баяндамашы Орталық Азия халықтарына бірігіп, өңірдегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін «осал тұстарды» реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастырудың өте маңызды екенін айтты.

Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол жобалары, сондай-ақ «Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы» автомобиль жолы туралы сөз болып отыр.

Жалпы, Қазақстан Еуразияның  транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті, – деді сөз сөйлеуші.

Оның пікірінше, геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты Орталық Азияның тұрақтылығын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта аталған игі міндеттерді орындаудың өзара оңтайлы формуласы бекітілген.

Бүгінде Орталық Азияның басты міндетіміз – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету. Бұл Шарт мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады.

Өздеріңізге мәлім, – деді ол сөзін одан әрі жалғастырып, - соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түсті. Аталған форматтар барынша тиімді болуы үшін ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсуіміз қажет.

Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды.

Кездесуде Қазақстан басшысы қауіпсіздік саласына баса назар аударды. Ол әлемдегі тәртіптің тез өзгеріп, Орталық Азияның тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңыздылығын атап көрсетті.

Құрметті президенттер, аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын. Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын, –  деді ол.

Одан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арнайы тоқталып, өңірдегі демографиялық өсімнің орнықты екенін ескере келе, білім және ғылым саласындағы байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Президенттің пікірінше, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен жоғары оқу орындары арасындағы өзара ықпалдастықты белсенді түрде дамытып келеді. Былтыр Қырғызстанда Қазақстанның жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Сонымен қатар Тәжікстанның жоғары оқу орындары базасында бірлескен факультеттер ашу ісі қарастырылып жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанда екі елдің жетекші университеттерінің филиалдарын ашу көзделіп отыр. Бұл маңызды саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге біздің Душанбедегі кездесуіміз аясында 2-ші Ректорлар форумы мен Орталық Азия елдері ғалымдарының 1-ші форумын өткізу өз септігін тигізеді.

«Орталық Азия» туристік брендін бірге насихаттай отырып, елдеріміздің бірегей табиғатын және өзіне тән бай мәдениетін бүкіл әлемге таныстыруға керемет мүмкіндігіміз бар.

Ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастықты жандандырудың перспективасы зор. Жоғары сапалы ортақ медиажобаларды жүзеге асыру, соның ішінде жалпыөңірлік телеарна, жаңалықтар сайтын құру ісіне кірісуді ұсынамын. Бұл міндеттердің орындалуы Орталық Азия елдерінің салалық ведомстволары және ақпарат агенттіктері арасындағы тұрақты диалогқа септігін тигізеді.

Менің айтқан ұсыныстарым мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтеру ниетінен туындап отыр.

Қазақстан өңірдегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін тағы да атап өткім келеді. Құрметті әріптестер, Сіздерді Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Қазақстанда өтетін 6-шы Консультативтік кездесуіне шақырамын, – деді ол.

Сөз соңында мемлекет басшысы алдағы міндеттердің табысты жүзеге асырылуы достықты, тату көршілік қарым-қатынасты және стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама