×

Апелляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Ұлттық музейдің экс-басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді

 Айгерім Таубай 14.09.2023 | 17:18
Арыстанбек Мұхамедиұлы, фото: Halyq Uni

Астананың апелляциялық сот алқасы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

2023 жылдың 20 маусымында Байқоңыр ауданының №2 сотында Арыстанбек Мұхамедиұлы, Азамат Көшенов, Алмаз Нұрасхан және Айым Садуақасоваға сот үкімі шықты. Экс-министр 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Істі қараған сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаев, судья Айбек Әмірғалиев, Алма Есімова сотталған Айым Садуақасованың өтінішін ішінара қанағаттандырды. 7 жылға сотталған Айым Сәдуақасоваға қатысты бірінші инстанциядағы сот үкімін өзгертіп, сот залынан босатуға шешім шығарды. Ол жазасын 5 жылдан кейін өтейді. Бұл жағдайда сот оның кішкентай баласы бар екенін ескерді.

Апелляциялық сот барысында экс-министрдің адвокаты Әйгерім Әнуарбек қылмыстық іс бойынша шығынның басым бөлігін Мұхамедиұлының отбасы өтегенін айтты. Соған байланысты қылмыстық істі тергеу барысында өндірілген 111 млн теңгенің 73 млн теңгесін экс-министрдің отбасына қайтаруды сұрады.

Айта кетейік, экс-министрмен бірге сот үкімімен Мұхамедиұлының орынбасары Алмаз Нұрасхан 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Қылмыстық кодекстің 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды, сондай-ақ мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істей алмайды. Нұрасхан қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Exponat ЖШС директоры Азамат Көшенов 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды. Ол да мемлекеттік қызметті енді атқара алмайды.

Exponat ЖШС бас бухгалтері Айым Садуақасова 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында және 28-баптың 5-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама