×

«26 млрд теңге жоғалып кеткен»: Жер учаскесіне қатысты тергеу жүргізу ұсынылды

Қазір прокуратура 8 өңірді тексеріп жатыр

 Дәурен Ерболат 11.09.2023 | 18:35
Фото: zakon.kz

Қазақстанда тұрғын үй құрылысына бөлінген жер учаскелері бойынша парламенттік тергеу жүргізу керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Былтыр 51 мың жер учаскесінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін коммуникация тартуға 47 млрд теңге бөлінген. Бірақ іс жүзінде адамдар 26 мың жер учаскесін ғана алды. Қалған жер учаскелері қайда? Адамдар неге оны алмаған, - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Бақытжан Базарбек қолындағы деректер үш ведомствоның вице-министрлері берген жазбаша жауаптармен расталатынын жеткізді.

Олар (басшылар) отырып алып, статистикалық мәліметтерді құбылтады. Іс жүзінде қарапайым адамдар зардап шегеді: өз жерлерін ала алмайды, жыл сайын әкімдіктің табалдырығын тоздырады, - деді ол.

Депутат аталған мәселе бойынша Бас прокуратураға жүгінген.

Бүгінде құзырлы орган 8 өңірді тексеріп жатыр. Олардың арасында Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстары бар. Мұнда бюджет қаржысын мақсатсыз пайдаланылу немесе қызметтік өкілеттігін теріс пайдалануы мүмкін. Шамамен 26 млрд теңгенің қалай жоғалып кеткені түсініксіз. Мен бұл жерден бюджет қаражатының жымқырылғанын көріп тұрмын. Осы факті бойынша Бас прокуратураға бюджеттік статистика материалдарын бұрмалауға қатысты материалдарды жолдадым. Парламенттік тергеу болады, - деді Бақытжан Базарбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама