×

Euro 2024: Қазақстан өз тобында төртінші орында қалды

Ұлттық құрамада алты ойыннан кейін 12 ұпай жинады

 Дастан Жұмабекұлы 11.09.2023 | 09:57
фото: Қазақстан футбол федерациясы

Кеше футболдан Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу жарысы аясында өз алаңында Солтүстік Ирландия командасын 1:0 есебімен жеңсе де Н тобындағы турнир кестесінде төртінші орнында қалды.

Бұл топта Дания құрамасы көш бастады. Даттар сырт алаңда Финляндия командасын 1:0 есебімен ұтып, 13 ұпаймен бірінші орынға шықты. Екінші орынға Словения жасағы жайғасты. Балқан түбегінің футболшылары да сырт алаңда Сан-Марино командасын 0:4 есебімен ұтты. Үшінші орынды 12 ұпаймен Финляндия құрамасы иеленіп отыр. Ал төртінші орында Қазақстан құрамасы қалды. Еліміздің бас командасында да 12 ұпай бар.

Кеше ұлттық құрамадан жеңілген Солтүстік Ирландияда 3 ұпай болса, топтың соңғы орнында Сан-Марино құрамасы қалып отыр. Бұл елдің футболшылары бес ойынның бәрінде жеңіліп, қақпасына 21 гол жіберіп алған. Бірде-бір гол сала алмаған.

Енді келесі жылы өтетін Еуропа чемпионатына іріктеу бұдан да қызықты және тартысты болайын деп тұр. Әр топтан Еуро-2014 турниріне алғашқы екі орынды алған команда шығады. Қазақстан құрамасында 4 ойын қалды. Соның үшеуін отандастарымыз сырт алаңда өткізеді. Ұлттық құрама 14 қазанда Даниямен, 17 қазанда Финляндиямен, 21 қарашада Словениямен ойнаса, 17 қарашада «Астана Арена» стадионында соңғы матчын Сан-Мариноға қарсы өткізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама