×

Euro-2024: Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландияны жеңді

Биыл ел құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді

 Халық үні 10.09.2023 | 20:58
Фото: instagram/kff_team

Бүгін футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан құрамасы Солтүстік Ирландиямен кездесіп, қарсыласын 1:0 есебімен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ойын елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтті.

Биыл ел құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Алтыншы турға дейін тоғыз ұпаймен турнир кестесінде төртінші орында келе жатқан еді. Алдағы ойындарда оң нәтижеге қол жеткізген жағдайда құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдаманың біріне ие болуы мүмкін. Әзірге мұндай мүмкіндікке Финдяндия, Қазақстан, Дания және Словения құрамалары ие болып отыр.

Сол себепті ел құрамасы алғашқы минуттан ойынды белсенді бастады. Алаңның қос қанатынан жиі шабуыл ұйымдастырды. Десе де оған қарсылас құрама лайықты қарсылық көрсетті.

Ойынның 27-минутында қазақстандық шабуылшы Максим Самородов өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Бұл - ақтөбелік футболшының ұлттық құрама жейдесінде соққан үшінші голы.

Екінші кезеңнің алғашқы минуттарында алаң иелері шабуылға шықты. Содан кейін Солтүстік Ирландияның белсенділігі байқалды. Бұл сәтте қазақстандық қақпашы Игорь Шацкий мен қорғаушылардың сауатты ойнауы байқалды.

Осылайша Қазақстан қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар іріктеу сатысындағы төртінші жеңісіне қол жеткізіп отыр.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы бес кездесу өткізді. Қазақстандық футболшылар Словениядан 1:2 есебімен жеңілсе, Данияны (3:2), Сан-Мариноны (3:0), Солтүстік Ирландияны (1:0) есебімен қапы қалдырды.

Енді Қазақстан құрамасы сырт алаңда 14 қазанда Дания, 17 қазанда Финляндиямен кездеседі.

Сондай-ақ, бүгін елорда уақытымен 21.50-де қазақстандық футболшылар ойын көрсететін H тобында Финляндия мен Дания кездесуі «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ал 0.45-те Словения мен Солтүстік Ирландия құрамалары жасыл алаңға шығады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама