×

Тоғызқұмалақ ойыны Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді

Алматыда Тоғызқұмалақ күні аталып өтті

 Халық үні 09.09.2023 | 16:54
Фото: «Тоғызқұмалақ» федерациясы

Бүгін қала әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябағында Тоғызқұмалақ күні аталып өтті, деп хабарлады Halyq Uni.

Іс-шара аясында 2028 мектеп оқушысы бір мезетте тоғызқұмалақ ойынын ойнап, «Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына» енді. Аталмыш рекордты Қазақстан Гиннес кітабының редакторы Қарлығаш Жаппар бекітіп, арнайы рекорд орнату туралы сертификатын Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсұнға тапсырды.

Сондай-ақ, бүгінгі шара барысында Алматы қаласы тоғызқұмалақ ұлттық ойынның ордасы атанды. Бұл туралы Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменов мәлімдеді.

Тоғызқұмалақ күні тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар бірнеше мемлекетте тойланды: Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Латвия, Румыния, Бангладеш, Түркия және Колумбия.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың 21-24 қыркүйегі аралығында Алматы қаласындағы ADD үстел теннисі орталығында рапид және блиц бойынша оқушылар (U-15, U-17) арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтеді. Турнирге әлемнің 20 елінен 150-ден астам ойыншы қатысады.

Анықтама үшін, тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой дамытуға арналған ойын. 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енгізілді. 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек күні Тоғызқұмалақ күні болып бекітілді.

ҚР «Тоғызқұмалақ» федерациясының президенті – Әлихан Бәйменов. Федерация өткен жылдан бері ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Ал, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті – белгілі кәсіпкер және меценат, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама