×

EURO-2024: Қазақстан құрамасы төртінші орынға түсті

10 қыркүйекте еліміздің бас командасы Солтүстік Ирландия жасағымен кездеседі

 Дастан Жұмабекұлы 08.09.2023 | 09:33
Фото: Ілияс Омаров

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы H тобында төртінші орынға түсіп қалды.

Қазақстан мен Финляндия матчынан кейін осы топтағы басқа командалардың ойындарының нәтижесі белгілі болды.

Н тобында Қазақстан құрамасынан кейін үшінші орында келе жатқан Дания командасы өз алаңында Сан-Марино жасағымен кездесіп, 4:0 есебімен ұтты. Словения Солтүстік Ирландияны 4:2 есебімен жеңді. Осы есептен кейін Дания мен Словения 3 ұпайдан жинап, 10 ұпаймен екінші және үшінші орынға көтерілді. Ал еліміздің бас командасы төртінші орынға сырғыды.

Енді ұлттық құрама 10 қыркүйекте «Астана-Арена» стадионында Солтүстік Ирландия командасымен кездеседі. Осы күні Финляндия Хельсинкиде Дания құрамасымен ойнаса, Сан-Марино Словения құрамасымен кездеседі.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы өз алаңында Словениядан 1:2 есебімен жеңілсе, Данияны 3:2, Сан-Мариноны 3:0, Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен ұтты.

Бүгін В, Е, G топтарында ойындар болды.

В тобында Франция Ирландияны 2:0, Нидерланд Грекияны 3:0 есебімен ұтты.

Е тобында Литва мен Черногория 2:2 есебімен тең ойнаса, Сербия Венгрияға 1:2 есебімен есе жіберді.

G тобында Чехия мен Албания 1:1 есебімен тең тарқасты. Польша Фарер аралдарын 2:0 есебімен жеңді.

A тобында Грузия мен Испания, Кипр мен Шотландия, D тобында Хорватия мен Латвия, Түркия мен Армения, J тобында Босния және Герцоговина мен Лихтенштейн, Люксембург пен Исландия, Словакия мен Португалия командалары ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама