×

АЭС салу бойынша референдум өткізуге қомақты қаражат жұмсалмауы мүмкін – министр

ОСК қанша қаржы керектігіне ұсыныс беруге тиіс

 Дәурен Ерболат 06.09.2023 | 12:30
фото: автор

Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдумды өткізуге қомақты қаражат жұмсалмауы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясы (АЭС салу бойынша) референдум өтеді деп мәлімдесе, алдымен олар бюджет процесіне сәйкес, бізге тапсырыс береді: осынша қаражат керек, осынша аумақта сайлаушылар комиссиясы ұйымдастырылады деп айтады. Мен тиісті есептеулерді айтпай тұрып, сіздерге (референдум өткізу бойынша осынша қаржы керек деп – автор) қалай айтамын? Бөлінетін қаражат бұрғынғыдан (рефередумнан – автор) аз болуы мүмкін. Басқаша әдістер қолданылуы ықтимал... Үлкен қаражат керек деп ойламаймын, - деді вице-премьер Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

БАҚ өкілдері «Демек, Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдумға бөлінген қаражаттан аз болады ғой?» деп сұрағын нақтылады.

Аз болуы керек, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кетейік, былтыр 5 маусымда өткен Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдумға бюджеттен 16 млрд 460 млн теңге бөлінген болатын.

Ал бұған дейін президент АЭС салу мәселесі жалпыұлттық референдум арқылы шешілетінін мәлімдеген-ді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама