×

Елімізде 1,8 млн-ға жуық қазақстандықтың жалақысы өседі

Үш жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 2 есе ұлғайтылмақ

 Динара Амантай 06.09.2023 | 09:54
Фото: Halyq Uni

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмысшының жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын өсіп жатыр. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ЕТЖ мөлшері 2 есе ұлғайтылмақ.

Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі «жалақысы төмен» жұмысшыларға әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сондай-ақ разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

Осының нәтижесінде барлық салаларда әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмысшының, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерінің ақшалай табысы өседі.

Бұдан басқа, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп, ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесін әзірледі. Оған сәйкес ЕТЖ мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалады.

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап Қазақстанда азаматтық қызметкерлердің жалақы деңгейін арттыру бойынша дәйекті шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2020-2023 жылдар аралығында жыл сайын шамамен 600 мың педагогтің жалақысын 25%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде олардың жалақысы 2 есе артады.

2021-2023 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелерде және коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істейтін 6 мыңға жуық медицина қызметкерінің, оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 30%, орта медициналық персоналдың жалақысы жыл сайын 20% көтеріледі.

2021 жылы әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде үш жыл ішінде (2021 жылдан 2023 жылға дейін) олардың жалақысы 2 есеге ұлғаяды.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының (шамамен 600 мың) жалақысын 2022-2025 жылдар кезеңінде жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен арттыру басталды. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есе артады.

Сондай-ақ ведомство жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша жеке кәсіпорындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде осы жылдың басынан бастап 8 мың жұмыс беруші 2,8 млн қызметкердің жалақысын 5-тен 50%-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама