×

Астанада ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль салтанатты түрде ашылды

Ертең «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады

 Дәурен Ерболат 05.09.2023 | 19:50
Фото: Halyq Uni

Елордадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдағы 5 күнде еліміздің әр өңірінен жиналған 1300-ден аса спортшы ұлттық спорттың 11 түрінен сайысқа түседі.

Фестивальді Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, AMANAT партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйымдастырды.

Іс-шараны Мәжіліс спикері, AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ашты. Ол мемлекеттің қолдауымен елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы президентіміз күні кеше Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов алдағы жылы Қазақстанда президенттің қолдауымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін еске салды.

Салтанатты жиында Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ұлттық спортты дамыту маңызды екенін жеткізді.

Баршаңызды ұлттық спорт түрлері VI фестивалінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан мұндай ауқымды іс-шараның маңызы зор. Себебі, ұлттық спортымыздың мәртебесін өсіру – қоғамдағы негізгі мәселенің бірі. Бұл жайында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет айтып, оның дамуы мен насихатталуын назарына алған. Мемлекет тарапынан төл мәдениетімізді дамытуға үлкен қадамдар жасалып жатыр. Осы ретте, ұлттық спортымыздың жанашыры ретінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа ерекше алғысымызды айтамыз, - деді ол.

Сондай-ақ Исламбек Салжанов 6 қыркүйекте басталатын «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің маңызына тоқталды.

Былтыр бұл марафонның дүркіреп өткені ел есінде. 100-ден аса шабандоз 1200 шақырымды 12 күнде жүріп өтті. Бұл жобаның идеологиялық мәні тереңде жатыр. Атқа отырған қазақ азаматтарының бұл ерлігі көшпенділер мәдениетін қайта жаңғыртқаны деп білемін. Бұқаралық сипат алған «Ұлы дала жорығы» жобасына Ұлттық спорт қауымдастығының 2 жыл қатарынан серіктес болуының себебі де осында, - деді қауымдастық президенті.

Қауымдастық басшысы сөз соңында марафон-бәйгеге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ертең шабандоздарымыз ұзақ жолға шығады. Ұлтымызға рухани серпіліс әкелетін осындай жобалардың ғұмыры ұзақ болсын дегім келеді, ал шабандоздарға сәттілік тілеймін. Жортқанда жолдарыңыз болсын!, - деді Исламбек Салжанов.

Фестиваль аясында спортшылар 5 күн бойы көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, салтанатты іс-шара аясында өтетін маңызды жобаның бірі – «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі. Оны екі жыл қатарынан JORYQ ат спорты федерациясы ұйымдастырып жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен келген 20 команда қатысады. Олар 14 күнде елордадан Түркістанға дейін 1300 шақырымды бағындыруға тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама