×

Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысының әкімдері ауысты

Жаңадан тағайындалған әкімдер түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарған

 Дәурен Ерболат 05.09.2023 | 14:21
коллаж: Halyq Uni

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Ақтөбе облысының жаңа әкімі тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.

Президенттің Жарлығымен Асхат Берлешұлы Шахаров Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындалды, – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ мемлекет басшысының Жарлығымен Ғабит Әбдімажитұлы Сыздықбеков Шымкент қаласының әкімі лауазымына тағайындалды.

Айта кетсек, бұған дейін Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысының бұрынғы әкімдері қызметінен кеткен еді.

Мемлекет басшысының жарлығымен Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан, Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымынан босатылды, – деп жазылған Ақорда таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Асхат Шахаров 1978 жылы Ресейдің Орынбор облысына қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келген.

  • 1999 жылы Қазақ мемлекеттік туризм және спорт академиясын дене шынықтыру пәнінің оқытушысы – спорт бойынша жаттықтырушы, 2002 жылы Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін халықаралық экономист мамандығы бойынша бітірген.
  • 2013 жылы РФ Президенті жанындағы Ресей Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясын аяқтаған, экономика ғылымдарының кандидаты.
  • Самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.
  • 2005 жылғы қарашадан Ақтөбе педагогикалық институты дене тәрбиесі кафедрасының доценті.
  • 2007 жылғы сәуірден Ақтөбе облыстық олимпиадашылар резервін дайындау орталығының директоры.
  • 2013 жылғы маусымнан бері БҚО Қаратөбе ауданының әкімі қызметін, 2017 жылдың шілдесінде БҚО Зеленов ауданының әкімі, 2020 жылғы наурызда Ақтөбе қаласының әкімі болды.
  • 2022 жылғы қарашадан осы уақытқа дейін Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.

Ғабит Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң университетін, РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі қызметінен бастаған.

  • 2005-2006 жылдары – ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің үшінші хатшысы; ҚР СІМ Еуропа және Америка департаментінің үшінші хатшысы.
  • 2006-2007 жылдары – ҚР СІМ Кеңсесі баспасөз қызметінің үшінші хатшысы; екінші хатшысы.
  • 2007-2011 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының аппаратында түрлі лауазымдарды атқарған.
  • 2011-2012 жылдары – ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің басқарма басшысы.
  • 2012-2017 жылдары Қазақстанның Франциядағы елшілігінің кеңесшісі.
  • 2017 жылғы тамызда ҚР СІМ Әкімшілік және бақылау департаментінің кеңесшісі болды.
  • 2017-2019 жылдары – ҚР Парламенті Сенаты төрағасының кеңесшісі; ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі.
  • 2019 жылғы мамырдан бастап қыркүйекке дейін – ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.
  • 2019 жылғы қыркүйектен бастап, 2021 жылғы 14 шілдеген дейін Қазақстанның Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. 
  • 2021 жылғы 14 шілдеден бастап ҚР Премьер-министрі кеңсесі басшысының бірінші орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама