×

Путин мен Ердоған өзара келіссөз жүргізіп жатыр

Түркия президенті Сочиге бір күндік жұмыс сапарымен барған

 Еркеғали Болатұлы 04.09.2023 | 16:16
фото: mynamaz.ru

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған мен РФ президенті Владимир Путин Сочи қаласында астық келісімін қалпына келтіру туралы келіссөздер жүргізіп жатыр.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Түркия президенті Сочиге бір күндік жұмыс сапарымен барған. Ол Путинмен аймақтық және жаһандық мәселелерді, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды талқылайды.

Көшбасшылар арасындағы келіссөздердің күн тәртібінде былтыр жаһандық азық-түлік дағдарысын айтарлықтай жеңілдеткен Қара теңіз астық бастамасын қалпына келтіру де бар. 17 шілдеде Ресей Түркия мен БҰҰ делдалдық жасаған Украинаның Қара теңіздегі 3 портынан астық экспортын қалпына келтіру туралы келісімге қатысуын тоқтатты, – деп жазды түрік бұқаралық ақпарат құралы.

Түрік тарапы 2022 жылдың шілдесінде жасалған астық келісімі деп аталатын келісімді қалпына келтіруге күш салып отыр. Сонымен қатар, Анкара Киев пен Мәскеуді Ресей-Украина қақтығысын тоқтату үшін бейбіт келіссөздерге көшуге шақырады.

Еске сала кетсек, бұған дейін, яғни 2023 жылдың шілдесінде Режеп Тайип Ердоған Ыстамбұлда Украина президенті Владимир Зеленскиймен де астық келісімін талқылаған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама