×

Астанада полиция халықтан көмек сұрады

Тұрғындар заңға бағынуға тиіс

 Дәурен Ерболат 04.09.2023 | 09:14
Фото: polisia.kz

Елордада полицейлер халықты қала мүлкін сақтауға шақырды, деп хабарлады Polisia.kz.

Вандализм, ғимарат пен мүлікті бүлдіру – қоғамдағы проблемалардың бірі. Себебі мұндай әрекеттер қаланың көркеюіне кері әсерін тигізеді. Тіпті, шалғай аймақтан бөлек, елорданың өзінде полиция қызметкерлері бұл фактілерге жиі куә болып жатады. Ұстамсыздық пен шектен тыс агрессияның көрініс табуы заң мен тәртіпті бұзып қана қоймай, қоғамға зиян немесе шығын келтіруі мүмкін.

Мысалы, 16 тамызда түнде Астана тұрғыны ғимараттардың бірінен шығып келе жатып, құны жарты млн теңгеден асатын есікті сындырған. Ер адамның бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Президент елдегі тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Оның тапсырмасы бойынша биыл вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүліктің бүлінуі үшін жауапкершілік күшейтілді.

Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіреді. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда.

Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін елорда көшелеріне күн сайын 2 500-ден аса полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері кезекшілікке шығады.

Қоғам белсенділері және еріктілермен бірлесіп, тұрақты негізде «Тоқта, вандал!» акциясы өткізіледі. «Нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны, адамды қорлағаны, ғимараттар мен өзге де нысандарды бүлдіргені және қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік, яғни 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Сіздерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және қала мүлкіне ұқыпты болуға шақырамыз. Кез келген құқықбұзушылық анықталып, соңы жауапкершілікке әкелетінін ұмытпаңыздар! Ішкі тәртіп, заңға және басқа адамдардың құқығына құрметпен қарау – қазақстандық қоғам ұмтылуға тиіс нормалар, – деді Астана қаласы ПД патрульдік полиция полкінің инспекторы Ернат Қоңырбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама