×

«Астана» Конференция лигасының топтық турниріне шықты

Жеребе тарту рәсімі 1 қыркүйекте Монакода болады

 Дастан Жұмабекұлы 01.09.2023 | 09:30
Фото: meta-ratings.kz

«Астана» клубы футболдан UEFA Конференция лигасының топтық турниріне шықты.

Астананың командасы сырт алаңда Албанияның «Партизани» клубымен кездесіп, ойынды 1Ү1 есебімен тең аяқтады.

Бірінші матчта «Астана» 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал екінші ойында алаң иелері алғаш болып есеп ашты. Ойынның 25-минутында Арканж Бинтсука әуелете берілген допты баспен қақпаға түсірді.

Екінші таймның басында қонақтар ширақ ойнап, есепті теңестірді. 46-минутында Марин Томасов таразы басын теңестіруге мүмкіндік алды.

Осылайша, командалар 1:1 есебімен тарқасып, екі ойынның нәтижесімен «Астана» Конференция лигасының топтық турниріне шықты.

Ал Қостанайдың «Тобыл» клубы Конференция лигасы плей-офф кезеңінен шыға алмады. «Тобыл» сырт алаңда Чехияның «Виктория Пльзень» жасағынан 0:3 есебімен ұтылып қалды. Бірінші кездесуде отандастарымыз өз алаңында 1:2 есебімен жеңілген болатын.

Бұған дейін «Ордабасы» мен «Ақтөбе» клубтары да Конференция лигасының үшінші іріктеу сатысында жарыс жолынан шығып қалған еді.

UEFA Конференция лигасы топтық турнирінің жеребе тарту рәсімі 1 қыркүйекте Монако қаласында өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама