×

Мемлекеттік күзет саласына мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды іріктеу басталады

Шақырылушылар мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады

 Динара Амантай 31.08.2023 | 15:50
Фото: egemen.kz

Ертең мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды іріктеу басталады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қыркүйек пен 5 қазан аралығында ҚР МКҚ өкілдері барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда үміткерлерді таңдау және зерделеу жүргізбек. Үміткерлерге мынадай талаптар қойылады: жасы 18-27 аралығында, бойы 180 см-ден төмен емес және 195 см-ден жоғары емес, білімі орта білімнен төмен емес, денсаулығы жақсы. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разряды бар шақырылушыларға басымдық беріледі.

МКҚ қатарына өткен шақырылушылар мерзімді қызметін Астана және Алматы қалаларындағы 0112 және 0111 әскери бөлімдерінде атқарады.

Мемлекеттік күзет қызметі қатарында мерзімді қызмет сарбаздары президенттің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қорғау, рәсімдік және протоколдық іс-шараларға қатысу, Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба эталондарын күзету секілді айрықша міндеттерді атқарады.

МКҚ әскери бөлімдерінде мерзімді қызмет атқару барысында жас сарбаздар тәжірибелі нұсқаушылық құрамның жетекшілігімен әскери іске үйренеді, сондай-ақ жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында әскери мамандықтарды меңгереді.

МКҚ мерзімді қызмет сарбаздарының әрі қарай кадрлық тұрғыдан өсуге мүмкіндігі бар. Мерзімді қызмет аяқталған соң олар өз қалауы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастыра алады, одан әрі арнаулы мемлекеттік органның қызметкері және офицері болып, күзетілетін адамдар мен нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді атқара алады.

Барлық қосымша сұрақтар бойынша +7 776 800 27 28 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама