×

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді

2025 жылға дейін 46 млрд теңгеге медициналық техника сатып алу жоспарланған

 Динара Амантай 31.08.2023 | 09:15
Фото: stan.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) нысанын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Бүгінде 99 МСАК нысанының құрылысы жүріп жатыр. Барлығы биыл тапсырылмақ.

2024-2025 жылдары инсульт және кардиология орталықтары, травматологиялық және ортопедиялық бөлімшелері бар, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана жаңғыртылатын болады.

Кадрлық қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдар аралығында еліміздің медициналық колледждері мен жоғары оқу орындарында 14 мыңнан астам медбике, 10 мың фельдшер, 957 акушер және 7 мың жалпы практика дәрігерін даярлау жоспарланып отыр. Көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 46 млрд теңгеге 965 медициналық техника сатып алу жоспарланған. Олардың қатарында компьютерлік томография аппараттарынан бастап, өкпені жасанды желдету аппараттарына дейін түрлі жабдықтар болмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама