×

Үржар ауданы жемқорлыққа барынша бейім – Антикор

Ауданда жер қатынастары, білім беру және мемлекеттік мүлік салаларында 3 қылмыстық іс тіркелген

 Динара Амантай 29.08.2023 | 13:07
Фото: СЖҚА Абай обл. департаменті

Үржар ауданы сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев Үржар ауданы қоғамдық кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, облыс құрылған сәттен бастап ауданда жер қатынастары, білім беру және мемлекеттік мүлік салаларында 3 қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық істердің бірі бойынша мемлекет меншігіне мемлекеттік мүлікті жекешелендіру шеңберінде жекеменшікке заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды.

Жұмыс сапары аясында аумақтық Антикор басшылығы жұртшылықпен бірлесіп, Мақаншы және Көкөзек ауылдарын сумен жабдықтау нысандарына барып, халықпен кездесу ұйымдастырды.

Белгілі болғандай, Көкөзек ауылында 2018 жылы салынған су құбыры істемейді, ал ұңғымаларда су жоқ және су жинау құрылғысы іске қосылмаған. Жергілікті тұрғындар ауылда 4 жылдан астам уақыт бойы ауыз су жоқтығын айтып отыр.

Мақаншы ауылында 70 көшенің ішінен орталықтандырылған сумен жабдықтауға тек 4 көше қосылған, оған 2,6 млрд теңге жұмсалған.

Қоғам белсендісі Серік Байғалиевтің айтуынша, ол Мақаншы ауылында мыңнан астам құдықты жерасты сулары басып, түбінде балшық жиналғанына куә болған.

Аудан активімен өткен кездесу барысында белсенділер сумен жабдықтаудың проблемалық объектілері бойынша мердігерлердің жұмыстарды орындауы тұрғысынан сараптама тағайындауды ұсынды.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Дидар Хамитов жіберілген кемшіліктерді жою бойынша қосымша жұмыстар жүргізуге және жосықсыз мердігерлерге қатысты сотқа талапарыз беруге дайын екендігін білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама