×

Түркістан облысында шаруалар қарызынан құтылса да, кепілге қойған дүниелерін қайтара алмай жүр

Азаматтардың айтуынша, олардың сенделуіне негізгі кінәлі «Арыс» несие серіктестігі

 Халық үні 26.08.2023 | 07:15
фото: Halyq Uni

Түркістан облысы Арыс қаласында кезінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін несие алғандар бүгінде табандарынан тозып, сенделіп жүр. Себебі, басында азаматтардың мүлкін кепілге алып, қаржы берген мекеме, тұрғындар қарызынан құтылғанымен, олардың мүлкіне салынған шектеуді алмай отыр. Салдарынан 40-қа жуық азамат өз мүлкіне иелік ете алмай дал, деп хабарлайды Atameken business. 

Ақдала ауылының тұрғыны Оралбек Баймұрзаев 2016 жылы ауыл шаруашылығын дамыту үшін төмен пайызбен несие алады. Сол кездегі бағалаудың төмен болғаны үшін 3 млн 800 мың теңге алуға інісінің үйін де кепілге қояды. Межелі мерзім бойынша биыл мамырда барлық қарызынан құтылады. Оны растайтын құжаты да бар. Бірақ соған қарамай кепілге қойған үйлерін әлі қайтара алмай жүр. 

Ең болмаса анау інімнің үйін шығарып бер. Менің үйім тұра берсін кепілдікте, қалаған уағыңда шығарарсың десем не оны шығарып бермейді. Інімнен ұят болып жатыр. Бала-шағасы бар. Бұлай боларын білмедім. Білгенде алмай-ақ қоюға болар еді, - дейді Ақдала ауылының тұрғыны Оралбек Баймұрзаев.

Басындағы баспанасы мен бар жиғанын кепілге қойып қазір сан соғып жүрген жалғыз Оралбек емес. Ондайлардың саны тек Арыс ауданының өзінде 40-тан асады. Барлығы да кезінде төмен пайызға қызығып несие алған. Алды былтыр өз берешегін толық өтесе де әлі күнге дүние-мүлкін кепілден шығара алмай жүр. 

Ең соңғы маусым айында құйып қойдым. Бірақ қазанда құйылу керек еді. Бірақ мен тезірек құйып құжатты ала берейін деп ойладым. Енді баратын жердің бәріне барамыз. Президентке барсаң да берілмейді деп отыр ғой. Көрейік оны да. Сонда Президентіміз неге отыр деген ой ғой. Барамыз баратын жерге, - деді Арыс қаласының тұрғыны Бақыт Пірімжанова.

Азаматтардың айтуынша, олардың сенделуіне негізгі кінәлі «Арыс» несие серіктестігі. Себебі, аталған серіктестік кезінде қаржы бергенде азаматтарды борышкер емес, үлескер деп тіркеген. Оны серіктестік өкілдері де мойындайды. Бірақ, барлығы кезінде ескертілген деп отыр.

Құжат бізде емес, корпорацияда. Қарыз болып тұр. Адамдар былай ғой ақша алғанша ойбайлайды да, алып болған соң басқа әңгіме айтады, - деді «Арыс НС» ЖШС бас есепшісі Мархабат Иса.

Бас есепшінің баяндауынша, шаруаларға үлестірілген қаржы кезінде Аграрлық несие корпорациясы акционерлік қоғамынан алынған. Сөйтіп, азаматтардың кепілге қойған дүниелерін «Арыс» несие серіктестігі сол корпорацияға кепіл ретінде ұсынған. Бірақ, есепші кепілге қойылған дүниелерге қанша қаржы алынғанын, оның қаншасы төленгенін ашып айтпады. Ал, аграрлық корпорация арыстық серіктестіктің әлі 300 млн теңгедей қарыз екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ азаматтардың мүліктеріне қойылған шектеу қарыз толық өтелгеннен кейін ғана алынатынын жеткізді. Ал, қарызынан құтылған халық мұнымен келіспейді. Олар серіктестік берешегін өтегендердің дүниесін босатып беруін талап етіп,  құзырлы орындарға шағым түсірді. Мәселе мұнымен шешілмесе, Астанаға баруға бекініп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама