×

Абай облысында алғаш рет өңірлік Азаматтық форум өтті

Азаматтық қоғамның маңыздылығын өңір әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков құттықтау сөзінде атап өтті

 Халық үні 23.08.2023 | 17:54
фото: дереккөз

Абай облысында алғаш рет «Жаңа Қазақстан – белсенді азаматтық қоғамы бар тиімді мемлекет» атты Абай облысының өңірлік Азаматтық форумы өтті. 

Азаматтық форум басталар алдында қатысушылар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым мен жастар, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.

Форум барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, қала және аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, еріктілер мен қоғам белсенділері өзекті мәселелерді шешудегі азаматтық қоғамның рөлін талқылап, өңірдегі үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды. 

Азаматтық қоғамның маңыздылығын Абай облысы әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков өзінің құттықтау сөзінде атап өтті.

Азаматтық форум – белсенді азаматтардың, сарапшылардың, қоғамдық пікір көшбасшылары мен әр сала өкілдерінің бір ортаға тоғысып, қоғамдық мәселелердің жауабын іздейтін алаңы. Бүгін білім, пікір, тәжірибе алмасу арқылы өзекті мәселелердің шешімін табатынымызға сенімдімін, - деді Шалқар Байбеков. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет азаматтық қоғам мен  қоғамдық-саяси саладағы азаматтық институтты дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Парламент Сенатында қоғамдық мониторингтеудің қосымша құралы ретінде азаматтық қоғамның барлық функцияларын егжей-тегжейлі көрсететін «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң қарастырылуда. Осы заң шеңберінде барлық мемлекеттік органдарда ресми онлайн-петициялар институты іске қосылады. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдарды тіркеу жұмыстары оңай болмақ, - деді комитет төрағасы. 

Жиын соңында облыстағы Үкіметтік емес ұйымдар «Құқық қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Волонтерлік қызмет саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Зерттеу қызметі саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» және т.б. номинациялармен марапатталды.

Сонымен қатар қоғам белсінділеріне де облыс әкімінің арнайы сыйлықтары табысталып, Ақпарат және қоғамдық даму министрі атынан алғыс хаттар берілді.

Азаматтық форумның жалғасы ретінде Абай атындағы кітапханада азаматтық қоғамды дамытуға арналған дөңгелек үстел өтті. Онда есірткіден сыбайлас жемқорлыққа дейінгі қазіргі қоғамның өзекті мәселелері талқыланды.

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева атап өткендей, Азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдар мықты институт ретінде зор маңызға ие болуда.

Стандартты шешімнен қарағанда стандартсыз шешім маңызды және тиімді. Бүгінгі спикерлермен толықтай келісемін. Адамдардың азаматтық қоғам құруға деген ұмтылысы өте маңызды. Кез-келген мемлекет осындай қоғам құруға және дамытуға мүдделі болуы керек. Мемлекет пен қоғамның диалогы үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүргізіледі. Біз бір реттік іс - шаралардан алыстап, болашаққа жұмыс істеуіміз керек, - деп атап өтті Бану Нұрғазиева.

Абай облысының алғашқы Азаматтық форумының соңында қатысушылар азаматтық қоғам құру мемлекетіміздің дамуына оң әсерін тигізеді деген қорытындыға келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама