×

«Орын жеткілікті»: мәслихат төрағасы Ұлттық пантеон әлі де кеңейтіліп жатқанын айтты

Ол үшін Үкіметтің қаулысымен бекітілген жеке ереже бар

 Дәурен Ерболат 21.08.2023 | 13:37
Фото: facebook.com/Астана - Что? Где? Когда?

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов Ұлттық пантеонда орын жеткілікті екенін мәлімдеп, резонанс тудыратын шу шығармауға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұған дейін БАҚ-та пантеонда 4 орын ғана қалғаны хабарланған еді. Бұған мәслихат төрағасы түсінік берді.

Мәслихаттың көшпелі отырысы өткен еді. Сол кезде БАҚ сәл қате ақпаратты жариялап жіберіпті. Пантеонға қатысты мәслихат отырысы болған жоқ. Отырыстағы мәселе жерлеу қызметін цифрландыру, қаладағы зираттардың жай-күйі және тағы басқаға қатысты болды. Әріптестер, сіздер халыққа ақпарат бергенде объективті және дұрыс беріңіздер. Пантеон жобасы аяқталмаған. Оны түсінуіміз керек. Бүгінде жобаның тек бірінші бөлігі аяқталды. Осыған байланысты біз пантеонға бардық, көшпелі отырыс өткіздік, - деді Ерлан Қаналимов.

Мәслихат төрағасы онда орын жеткілікті екенін атап өтті.

Қазір пантеонда 4 орын емес, 40-тан аса орын бар. Бұл – жеткілікті. Өйткені пантеон бойынша Үкіметтің қаулысымен бекітілген жеке ереже бар. Мұнда резонанс тудыратын шудың керегі жоқ. Пантеон басқа елдерде де бар. Бұл – стандартты процедура. Бұл – мемлекеттің деңгейіндегі мәселе. ТМД-ны алайықшы. Мысалы, Мәскеуде, Бакуде және басқа мемлекетте осындай пантеондар бар, - деді ол.

Ерлан Қаналимов пантеонды басқаша атау мәселесі қаралуы мүмкін екенін де айтып қалды.

Бірақ бұл мәселені министрлік және әкімдікпен бірлесіп талқылаймыз. Қазір онда (пантеонда) орын жеткілікті. Жобаны одан әрі іске асыру бойынша жұмыс жалғасады, - деп сөзін түйіндеді төраға.

Айта кетейік, Ұлттық пантеон Астанадан 17 шақырым жерде, Қабанбай батыр кесенесінің жанында орналасқан.

2017 жылы онда кімдер жерленетіні нақтыланып, Үкіметтің қаулысымен арнайы ереже бекітілді. Оған сәйкес, зиратта Қазақстан президенттері және олардың отбасы мүшелері, премьер-министрлер, Парламент палаталарының төрағалары, мемлекеттік хатшылар, Президент әкімшілігінің басшылары, Конституциялық кеңес, Жоғарғы сот және Ұлттық банк төрағалары, министрлер, мемлекеттік орган басшылары, әкімдер жерленеді.

Бұдан бөлек, тізімде «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар, «Алтын қыран», «Отан», «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталғандар, «Кеңес Одағының Батыры», «Социалистік Еңбек Ері», «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағын алғандар бар.

Пантеонда кімдер жерленген?

  1. Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко;
  2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Қозы-Көрпеш Жаңбыршин;
  3. Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов;
  4. Қазақстан Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев пен оның зайыбы Клара Жұмабаева;
  5. Парламент Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыповтың зайыбы Баян Жақыпова;
  6. Еңбек ардагері, Қазақ КСР бұрынғы Білім министрі Қожахмет Балахметов;
  7. Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың зайыбы Мінаура Сағындықова;
  8. Көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағманов;
  9. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің зайыбы Мария Ғабдуллина;
  10. Кеңес мемлекет және партия қайраткері Зейнолла Шайдаров;
  11. Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов;
  12. Қазақстанның екінші Бас прокуроры Мақсұт Нәрікбаев;
  13. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов;
  14. Бұрынғы Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың зайыбы Гүлбану Алтынбаева;
  15. экономист Кенжеғали Сағадиев;
  16. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың зайыбы Сара Назарбаеваның ағасы Саяхат Қонақай;
  17. Кеңес мемлекет және партия қайраткері Зейнолла Шайдаров;
  18. Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Кирабаев;
  19. Халық ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова;
  20. жазушы, драматург, журналист Әнес Сарай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама