×

Шу ауданында әкімдік пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскесін заңсыз берген

Сондай-ақ мемлекеттік орган бүгінге дейін су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілемеген

 Динара Амантай 19.08.2023 | 15:20
Фото: primeminister.kz

Шу ауданында пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскесі заңсыз берілген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті биыл жер қойнауын пайдалану саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Оның барысында пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскесін заңсыз беру дерегі анықталды.

Шу ауданының бұрынғы лауазымды тұлғалары тиісті құзыретінің болмауына қарамастан әкімдіктің 2021 жылғы 3 шілдедегі №302 қаулысымен «Медео» ЖШС-ға 18 жыл мерзімге құм-қиыршық тас қоспасын өндіру үшін ауданы 1,69 гектар жер учаскесіне пайдалану құқығын берген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Департаменттің араласуынан кейін Шу ауданы әкімдігі аталған жер учаскесін мемлекет иелігіне қайтарды.

Сондай-ақ, мониторинг барысында Жамбыл облысының 18 су нысаны бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін орнату бойынша тиісті жобалар әзірленгені анықталды. Алайда, жергілікті атқарушы орган белгісіз себептермен бүгінге дейін су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілемеген, – деп мәлімдеді прокурорлар.

Осылайша, Департамент жоғарыда аталған объект бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу туралы ұсыныс енгізді. Қазір әкімдік тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Аталған мән-жайлар жер қойнауын пайдаланушылардың су қорғау белдеулерін жолын кесу, сондай-ақ бассейндік инспекцияның келісімінсіз жер қойнауын өндіруді жүзеге асыру түріндегі экологиялық залалға және өзен арнасының өзгеруіне алып келді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама