×

Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады – Әлихан Смайылов

Шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылды

 Динара Амантай 19.08.2023 | 13:14
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілер отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты.

«Сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақпыз», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

Жауапты тұлғалардың барлығы тиісті түрде жазаланады. Өткен жылы да осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанып отыр. Қажетті көлемде қаражат бөлінбей жатыр. Сондықтан қазір бұл компанияның иесі бойынша қандай шара қабылданады деген сұрақ қойылды. Өткен қайғылы оқиғалар бойынша тергеу жұмыстары аяқталып қалды. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтіледі. Мұның соңына жететініміз анық, — деді премьер-министр.

Кездесу барысында қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететіні атап өтілді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.

Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады.

Тұрғын үй болмаған жағдайда Қарағанды облысында пәтер беріледі. Сондай-ақ балаларды жоғары оқу орнында тегін оқыту қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және ипотекалық несиелерді өтеу бойынша шаралар қабылдайды. Осы міндеттемелердің барлығын орындау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасатыны белгіленді.

Премьер-министр атап өткендей, қазір «АрселорМиттал Теміртауда» халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталып жатыр. Олар қыркүйек айында аяқталады деп күтіледі. Нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданады. Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді. Әлихан Смайылов қазір шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

Сондай-ақ премьер-министр Қарағандыдағы профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханасындағы зардап шеккен кеншілерге барды.

Кәсіпорын шахтерлерге еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100% мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрілік заттарды төлейтіні, санаторий-курорттық ем берілетіні және моральдық зиян өтелетіні атап өтілді.

Тезірек сауығып, отбасыларыңызға оралыңыздар, — деді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама