×

Қуаңшылық: Жамбылдық шаруалар егістіктің үштен бірінен айырылып қалды

Облыс әкімдігі су шығынын азайту үшін арналарды бетондау жұмыстарына шұғыл кіріспек

 Еркеғали Болатұлы 18.08.2023 | 09:09
фото: видеодан скриншот

Жамбыл облысында қуаңшылық салдарынан шаруаларға келген шығын 7 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Өңірдегі суаруды қажет ететін 112 мың гектар жердің 12 мың гектары күйіп кеткен. Қазірдің өзінде зардап шеккен қожалықтар саны 350-ге жуықтайды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

«ҚазСуШар» мекемесі жағдай одан бетер ушықпас үшін Қырғызстандағы 40 шақырым дренажды арналарды тазартып жатқанын мәлімдеді. Нәтижесінде қазір секундына 5-8 текшеметр аралығында су беріліп жатыр. Мекеме осы арқылы өңірдегі қалған қызылша мен пиязды барынша сақтап қалуға мүмкіндік бар дейді.

Жамбыл облысының әкімдігі су шығынын азайту үшін арналарды бетондау жұмыстарына шұғыл кіріспек. Сонымен қатар 3 ірі және 11 су қоймасының жобасы дайындалып жатыр. Құрылыс қаржы бөлінген бетте басталмақ.

Біз мұны шамамен 57 миллиард теңге көлемінде болады деп болжап отырмыз. Бірақ нақты есебі әр шаруа бойынша жасалады. Енді егістің көлемін азайтпаймыз. Өйткені су жетпейтін жерлерді тәліми жер ретінде пайдалануға болады.

Екіншіден, біз тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиларына қатысты ынталандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 57 мың гектар жерде осындай су үнемдеу технологиясы пайдаланылуда, – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама