×

Елордада бірқатар көшенің атауы өзгертілді

Елордада 23 көшенің атауы өзгертілді

 Халық үні 17.08.2023 | 07:45
Фото: Sputnik / Михаил Воскресенский

2022 жылғы 3 тамызда Астана қаласы ономастика комиссиясының кезекті отырысында, елордамыздың кейбір құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар қаралып, қолдау тапты. Атап айтқанда:

«Нұра» ауданы бойынша:

Е108 жобалық көшеге – мажар ақыны Шандор Петөфидің есімін беру. Айта кету керек, Венгрия астанасы Будапештте Астана деп аталатын көше және Абай Құнанбайұлының ескерткіші бар. Біздің ұсынысымыз да екі мемлекет арасындағы дипломатиялық байланысты одан әрі тереңдеті мақсатында қолға алынып отыр.

Бұл көше қазіргі Нұра ауданы әкімдігі жанында орналасқан. Осыдан екі жыл бұрын осы көшеге параллель Е-109 деп аталатын жобалық көшеге татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың есімі берілген болатын. Бауырлас мажар халқының ақынына қойылатын көшені де осы жерден таңдадық.

Ескерту: ҚР Президентінің 2023 жылғы 10 шілдедегі № 23-3318-1 тапсырмасы.

«Есіл» ауданы бойынша:

№ 28/1 жобалық көшеге – Азияның батыс бөлігіндегі түбек, қазіргі Түркия аумағының ортаңғы бөлігі АНАДОЛУ атауын беру. Бұл ұсыныс Қазақстан Президентінің Түркияға ресми сапары аясында берілген тапсырма болатын. Түрік елінде де Қазақстанның ақын-жазушыларына берілген көше аттары мен ескерткіштері аз емес. Былтыр желтоқсанда Анкара қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші орнатылғанын жақсы білесіздер.

Ескерту: ҚР Президентінің 2022 жылғы 21 қазандағы № 22-5487 тапсырмасы.

№ 29/1 жобалық және Түркістан көшесінен басталатын, Ұлы Дала даңғылында аяқталатын атаусыз көшеге  –  ҚР Мемлекет қайраткері, Қазақстан Премьер-Министрі Нұрлан Балғымбаевтың есімін беру.               Н. Балғымбаев – еліміздің мұнай және газ өнеркәсібін заман талабына сай дамытып, қазба байлықтарды тиімділікпен игеріп, халық игілігіне жарату жөніндегі ірі жобаларды жасау ісіне тікелей араласып, ұйытқы болған тұлға.

Ескерту: ҚР Президентінің 2021 жылғы № ЗТ-К-17083,1 тапсырмасы.

«Байқоңыр» ауданы бойынша:

«Егемен Қазақстан» газеті көшесінің бойында орналасқан атаусыз саябаққа  – «Журналистер саябағы атауын беру.

Ескерту: Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының   2022 жылғы 7 қарашадағы № 22-4524-1 тапсырмасы.

«Нұра» ауданы бойынша:

Е13 жобалық көшеге – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы кәсіби дипломат – Нәзір Төреқұлұлұлының есімін беру. Қазіргі Нәзір Төреқұлұлы көшесі «Теміржолшылар» тұрғын алабында орналасқан, қисық, шағын көшелердің бірі. Сондықтан қайраткердің есімін лайықты көшеге ауыстырып отырмыз. Ал бұрынғы Нәзір Төреқұлұлы көшесіне – Қарағанды облысындағы өзен атауы Айбас деген атты беруді ұсынамыз.

Е29 жобалық көшеге – күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі Тәттімбеттің есімін беру. Бұрынғы Тәттімбет көшесі «Сарыарқа» ауданында орналасқан болатын, алайда құрылыстың қарқынды жүргізуіліне байланысты ол көшеде көпқабатты үйлер бой көтеріп, бұрынғы көше қалмады.

Е33 жобалық көшеге – түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау Қорқыт Атаның есімін беру. Бұрынғы Қорқыт көшесі «Байқоңыр» ауданында орналасқан болатын, алайда құрылыстың қарқынды жүргізуіліне байланысты ол көшеде де үйлер салынған. Бұрынғы Қорқыт көшесі небәрі 50 метрге ғана жуықтайтын көшеге айналған. Сондықтан тек қазаққа ғана емес тұтас түркі жұртына ортақ тұлғаның есімін «Нұра» ауданындағы жаңадан салынған көшелердің біріне ауыстырып отырмыз.

«Байқоңыр», «Алматы» аудандары бойынша:

 «Байқоңыр» және «Алматы» аудандарында орналасқан  Әл-Фараби даңғылын Ақжол атауымен қайта атауды ұсынамыз. Былтыр жыл соңында Әл-Фарабидің есімін Есіл ауданындағы №38 көшеге берген едік. Оны жақсы білесіздер. Енді бұрынғы Әл-Фараби көшесін Ақжол деп атауды ұсынып отырмыз. Ақжол дәл осы көшенің Әл-Фарабиге дейінгі атауы еді. Сондықтан көшенің бұрынғы атына қайта ораламыз. 

«Есіл» ауданы бойынша:

Сәбит Мұқанов көшесіне – Шығыс Қазақстан облысындағы елді мекен атауы ШҰБАРТАУ деген атауымен қайта атауды ұсынамыз. 

«Алматы» ауданы бойынша:

Бұрынғы Гейдар Әлиев көшесіне – ақын және аудармашы, әдебиеттанушы, балалар жазушысы, Қазақстанның Халық жазушысы – Мұзафар Әлімбаевтың атын беру.

А40 жобалық көшеге – ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Сырбай Мәуленовтың есімін беру.

А564 жобалық көшеге – қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы, суретші, кинорежиссер, профессор – Әмен Қайдаровтың есімін беру.

А30 жобалық көшеге – белгілі жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты – Оралхан Бөкейдің есімін беру. Биыл Оралхан Бөкейдің туғанына мерейлі сексен жыл.

Сонымен қатар, Индустриялық паркте орналасқан бірнеше жобалық көшеге жер-су атауларын беруді ұсынамыз. Мұның себебі мынада:

Қазір осы өндірістік аймақтағы жобалық көшелердің аты болмағасын адамдар картаға Уиллиам Шекспир, Леонардо да Винчи деген сияқты аттарды қолмен енгізіп, жазып қойған. Халық шынында да осы көшелер аталған шетелдік тұлғалардың есімімен аталған деп ойлап жүр. Сондықтан еліміздегі тарихи жер-су аттарын беріп, картаға сол атауларды енгізу қажет деген шешімге келдік. Мысалы:

№ 101 жобалық көшеге – Ақтөбе облысындағы шатқалдың атауы – Бұйрат;

А139 жобалық көшеге – Жетісу облысындағы елді мекен атауы – Ақтекше;

А184 жобалық көшеге – Қарағанды облысындағы ескі көш жолы және Каспий теңізінің оңтүстік-шығысындағы шығанақ атауы – Кендірлі;

А185 жобалық көшеге - Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы өзен атауы – Кеңсаз;

А187 жобалық көшеге – Батыс Қазақстан облысындағы елді мекен атауы. Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ кен орны – Қарашығанақ;

А206 жобалық көшеге – Алматы тауларындағы шатқалдың атауы – Қимасар;

А207 жобалық көшеге – Орталық Қазақстандағы тау атауы – Қойтас;

А208 жобалық көшеге – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл облыстарындағы елді мекендердің атауы – Тасөткел;

А344 жобалық көшеге – Шығыс Қазақстан облысындағы өзен атауы – Маймекен.

Ұсынылып отырған тұлға есімдері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ономастика саласында жұмыс барысында қолдануға ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізімінде бар, ал елді мекен атаулары «Жер-су атаулары» тізімінен алынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама