×

Үкімет зейнетақы жинағының шекті сомасына қатысты қаулыға өзгеріс енгізді

Қаулы жобасының нұсқасы 27 желтоқсанға дейін қоғам талқысына шығарылды

 Ербол Тұрымбет 10.12.2021 | 14:53
көрнекі фото: kapital.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсатында зейнетақы жинағындағы қаржысын мерзімінен бұрын пайдалануды көздейтін Үкімет қаулысына толықтырулар енгізді. Қаулы жобасының нұсқасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды, бұл құжат 27 желтоқсанға дейін қоғам талқысына түседі.

Атап айтқанда, Үкіметтің 2021 жылғы 6 қаңтардағы № 1 қаулысына мынадай толықтыру енгізіліп отыр:

  • Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген 2021 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегі 2022 жылғы 1 сәуірге дейін қолданылады деп белгіленсін.

Еске салсақ, 3 желтоқсанда Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшері 2022 жылы шамамен 1,8 есе өсетіні хабарланды. Мәселен, егер 2021 жылы 35 жастағы азаматтар үшін шекті көрсеткіш 2 940 000 теңге болса, келесі жылдан бастап ол 5 060 000 теңгеге дейін өседі.

Үкіметтің бұл шешімі зейнетақы жинағындағы ақшасын пайдаланып үлгермеген салымшылардың ашуын туғызып, халық тарапынан шекті соманы өсірмеу туралы ұсыныс жасалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің өтінішіне құлақ асып, Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама