×

«Биыл қыста қатып қалмаймыз ба?». Үкімет басшысы Астанадағы 3-ЖЭО құрылысымен танысты

Нысанның салынып жатқанына 14 жыл болды

 Дәурен Ерболат 14.08.2023 | 09:35
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

12 тамызда премьер-министр Әлихан Смайылов Астанадағы «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансалары (ГЖС) мен 3-ЖЭО құрылысының барысымен танысты, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазір 3-ЖЭО-да жұмыс 90% орындалған. 

Биыл барлық 4 қазандықты (газ) кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елордадағы жылу қуатын қосымша 440 Гкал/сағ арттыруға мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов бұл жобаның астаналықтар үшін әлеуметтік маңызын және оны іске қосу мәселесі мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Алдағы жылыту маусымында қазандықтардың бәрін пайдалануға беріп, қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету өте маңызды. Қала әкімдігі нысанды уақтылы іске қосу бойынша барлық қажет шараларды қабылдауға тиіс, - деді ол.

Содан кейін премьер-министр елорданы шамамен 350 Гкал/сағ көлемінде қосымша жылумен қамтамасыз ететін «Тұран» газ жылу стансасына барды. Одан әрі үкіметтік делегация жалпы қуаты 350 Гкал/сағ болатын және сол жағалау аймағын қамтуға тиіс «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының құрылысын тексерді. 

Құрылыс жоспар бойынша жүріп жатыр. Жалпы жаңа ГЖС-ның артықшылығы – табиғи газды үнемді тұтынуға мүмкіндік беретін шағын қазандықтар. Табиғи газдан басқа, олар дизельмен жұмыс істеуге арналған.

Қазір бізде 2 газ қазандығы бар, жаңа жылу электр орталығы іске қосылып жатыр. Бұл алдағы жылыту маусымында қаланы шамамен 1100 Гкал/сағ жылумен қамтамасыз етеді. Демек біз жылуды артығымен беруге жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ елорданы болашақта жылумен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін келесі жылы қосымша газ қазандықтарын енгізу жоспарланып отыр», - деді Әлихан Смайылов.

Еске сала кетсек, бұған дейін депутат Ермұрат Бапи Астанадағы №3 жылу электр орталығын салу жұмысы тым ұзаққа созылып кеткенін айтқан болатын.

Биыл біз Алматыдан, яғни жылы жақтан көшіп келдік. Осы жылы қыс қатты болады деген жорамал бар. Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба? Миллиардтаған қаржы жұмсалған құрылысқа кім жауап береді? Неге нысанға миллиардтап ақша бөліне береді? Бұл шығыстар кімге жүктеледі? Осыған кім жауап береді? Биыл объект тапсырыла ма, тапсырылмай ма? - деген еді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама