×

Спортшы мен жаттықтырушыға берілетін ай сайынғы төлемнің мөлшері өзгереді

Олимпиада медаліне үміткер шартта белгіленген соманың 50 пайызын (700-ден 7500 АҚШ долларына дейін) алады

 Дастан Жұмабекұлы 11.08.2023 | 15:51
Фото: ашық дереккөз

Олимпиада медаліне үміткер спортшыға берілетін ай сайынғы төлемнің мөлшері өзгереді. Бұл туралы  Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Мәдениет және спорт министрлігі жоғары санатты спортшылар, жаттықтырушылар және жоғары санатты спортшыларды даярлайтын дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандармен спорттық қызмет туралы шарт бойынша ақша төлемдерінің мөлшерін бекіту туралы» бұйрыққа өзгертулер әзірледі.
 
Бұйрық жобасына сәйкес, қолданыстағы құжатқа спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен жасалған шарт бойынша  ай сайынғы төлемнің ең төменгі және ең жоғары мөлшерін анықтау критерийлері бар тармақты қосу ұсынылады, – делінген хабарламада.

Атап айтқанда, Олимпиада, Паралимпиада немесе Сурдлимпиаданың медаліне үміткер спортшыларға ай сайынғы төлем мөлшері спортшының ағымдағы олимпиадалық циклде әлем чемпионатының, Азия чемпионатының немесе кубогының иегері немесе жүлдегері болуына байланысты белгіленеді.

Құжаттың жаңа редакциясында сомасы мен төлеу мерзімі өзгерген жоқ. Мысалы, Олимпиада медаліне үміткер спортшы ай сайын шартта белгіленген соманың 50%–ын (700-ден 7500 АҚШ долларына дейін) алады. Қалған бөлігі медаль жеңіп алу бойынша міндеттеме орындалған жағдайда ғана төленеді, - деді МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Оның айтуынша, жаттықтырушылар мен бас жаттықтырушылар Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиадада, сондай-ақ олимпиялық, паралимпиялық, сурдлимпиялық спорт түрлерінен ересектер арасындағы әлемдік және құрлықтық біріншіліктерде медаль жеңіп алу бойынша міндеттемені алуы тиіс. Бұл жаттықтырушы-кеңесшілерге де қатысты. Бірақ тек Олимпиада жүлдесіне үміткер спортшыларды даярлауға қатысатындарға ғана қатысты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама