×

Вакцина салдырмаған балалар қызылша жұқтырып жатыр: Бас санитар дабыл қақты

Ауру Қазақстанның барлық өңірінде таралып жатыр

 Дәурен Ерболат 10.08.2023 | 13:40
Фото: elements.envato.com

Елімізде вакцина салдырмаған балалар қызылша жұқтырып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылық көрсеткіші өскен.

Бүгінде қызылшаның 3 037 дерегі тіркелген. Қазақстанның барлық аймағында тіркеліп жатыр. Ауру Алматы қаласы (1 101 дерек), Жамбыл облысы (430), Алматы облысы (352), Атырау облысы (237), Астана (209), Шымкент (194) қалаларында көп тіркелуде, - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сырқаттанушылық деңгейінің өсуі қызылшаға қарсы жоспарлы вакцина алмаған балалар санының өсуімен байланысты.

Мәселен, ауырғандардың 72%-ы – вакцинацияланбаған балалар. Оның ішінде 60%-ы (1 282) ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты болған, 20%-ының (416) екпе егуге медициналық қарсы көрсетілімдері бар.  20%-ы (431) егу жасына жетпегеннен ауырған, - деді бас санитар дәрігер.

Вице-министр бүгінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті:

  • Қызылшаның алдын алу, клиника, диагностика және емдеу мәселелері бойынша медицина қызметкерлерін қайта даярлау жүргізілді;
  • Қызылша ошақтарында вакцинацияланбаған балаларды, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі байланыста болған адамдарды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылады (1 824 адам егілді);
  • Егу жоспарына сәйкес уақтылы қызылшаға қарсы егілмеген 18 жасқа дейінгі адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 47 мыңнан аса адам егілді. Жұмыс жалғасып жатыр;
  • Вакцинацияның маңызы халыққа түсіндіріліп жатыр.

Вакцинациядан бас тартқан ата-аналарға екпе салдыру балаларды ауыр инфекциялық аурулардан қорғаудың жалғыз жолы екенін тағы да еске салғым келеді, - деді министрдің орынбасары.

Бұған дейін бас санитар дәрігер қазақстандықтарға тамақтан уланбас үшін мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдауға кеңес берген еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама