×

Алматы тауларында Ресей азаматының денесі табылды

Ол төрт күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен болатын

 Дастан Жұмабекұлы 09.08.2023 | 16:25
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Алматы тауларында осыдан төрт күн бұрын із-түссіз жоғалып кеткен Ресей азаматының денесі табылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, ол Ресей Федерациясының 1984 жылы туған азаматы болып шықты. Ер адам 5 тамызда таңертең тауға кетіп, жоғалып кеткен болатын.

Таудағы климаттың күрделілігіне, тау маршрутының ерекшеліктеріне, тастың құлауына және жартасты рельефке қарамастан іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.

Табылған ер адамның жеке бас деректері анықталуда.

Қазақстандық құтқарушылар жыл сайын тауда 160-қа жуық туристті құтқарады. Биылғы жылдың басынан бері таулы жерлерде 152 адам құтқарылды.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға жалғыз шықпауға шақырады.

Туыстарыңызға баратын бағытыңыз бен шамамен қайтып оралатын уақытыңыз туралы ескертіңіздер.Ашық түсті киім киіңіздер.

Өзіңізбен бірге өңірдің картасын, компасты, GPS навигаторын, байланыс құралдарын, алғашқы көмек жинағын алыңыздар.

Егер сіз адасып қалсаңыз, құтқарушыларға хабарласып, оларға тұрған жеріңіз бойынша ақпаратты беру қажет. Егер байланыс болмаса, сізге ашық жерге тұрып, құтқарушыларға сигнал беру керек. Қараңғы уақытта от жағып, күндізгі уақытта ашық түсті киімдерді мүмкіндігінше жоғары іліп қойыңыздар, – деп кеңес береді ТЖМ.

Министрліктің кеңесіне қарағанда, түнде, әсіресе қыс мезгілінде ұйықтамаған жөн. Өйткені. гипотермия алу ықтималдығы жоғары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама