×

Таразда Қаңтар оқиғасында қаза тапқан адамға қатысты сот үкімі жойылды

Сотта 9 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды

 Динара Амантай 08.08.2023 | 17:33
Фото: Halyq Uni

Жамбыл облыстық сотында апелляциялық тәртіппен жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысуға шақыруға, оқ-дәрілерді заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, алып жүру (ҚК-нің 272-бабы 1,2,3-бөлімі, 287-бабы 3-бөлімі) бойынша айыпталған 9 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2022 жылы қаңтардың 5-нен 6-на қараған түні Б., Т., Е., К., Б., Р., Д., К., О. Жамбыл облысында енгізілген шектеулер мен төтенше жағдай режиміне, сондай-ақ жарияланған антитеррорлық операцияға қарамастан, өздерінің қоғамға қауіпті іс-әрекеттерін ұғына отырып, билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздік жасауға шақырған. Сонымен қатар қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолданумен және Жамбыл облысының мемлекеттік кірістер департаменті, Тараз қаласы әкімдігінің ғимараттарын, авто көліктерді басып алу және өртеу арқылы билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан жаппай тәртіпсіздікке белсенді қатысқан (ҚК-нің 272-б. 2,3-б., 287-б. 3-б.).

Тараз қаласы №2 сотының 2023 жылғы 7 ақпандағы үкімімен Б.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, оның әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы танылды; Т.-ға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, бірақ рақымшылық бойынша жазадан босатылды; К.-ға түпкілікті 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жаза мерзімін өтеуіне байланысты сот залынан босатылды; Е.-ге түпкілікті 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде тағайындалды.

Сонымен қатар көрсетілген сот үкімімен 5 адам (Р., Б., О., Д., К.) тәртіпсіздік кезінде қайтыс болуларына байланысты жаза тағайындалмай, кінәлі деп танылды.

Іс апелляциялық сатыға сотталған Б.-ның, сотталғандар Р., Б., О., Д., К.-ның (қайтыс болғаннан кейін кінәлі деп танылғандар) қорғаушылары мен заңды өкілдерінің ақтауды сұраған шағымдары бойынша түсті.

Апелляциялық сатыдағы соттың шешімімен бір сотталғанға қатысты сот үкімінің күші жойылды. ҚК-нің 272-б. 2-б.-мен тағылған айып бойынша К.-ның іс-әрекеттінде қылмыс құрамының болмауына байланысты күші жойылып, қылмыстық іс өндірісімен тоқтатылды. Апелляция айыптау бойынша дәлелдемелердің жиынтығы оны кінәлі деп тану үшін жеткіліксіз деп санады. К.-ның қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартылуына байланысты сотталғанның өкіліне ақтау құқығы танылды, – делінген сот баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар қалған сотталғандарға қатысты үкім күшінде қалдырылды. Сот алқасы олардың кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келді.

Сондай-ақ, сот алқасы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты аса ауыр қылмысы үшін өтелмеген соттылығы бар сотталған Б.-ға түзеу мекемесінің түрін төтенше қауіпсіздіктен барынша жоғарыға ауыстырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама