×

Астанада беделді cарапшылар жасанды интеллект мәселесін талқыға салады

Форум аясында үздік IT-стартаптар анықталады

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 18:20
Фото: Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

Биыл 12-13 қазанда елордада Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум – Digital Bridge 2023 өтеді, деп хабарлады Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Іс-шараның тақырыбы – Artificial and Human Intelligence: The right balance.

Форумға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, халықаралық компаниялардың басшылары, IT-инновация саласындағы беделді халықаралық және қазақстандық сарапшылар, венчурлық инвесторлар қатысады. Digital Bridge 2023 алаңында 20 мыңнан аса қатысушы, 300-ден аса IT компания, 100-ден аса инвестор мен business angel, 250-ден аса спикер бас қосады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің пікірінше, бүгінде жасанды интеллект қоғамда маңызды рөлге ие.

Сондықтан Digital Bridge 2023-те технология мен адам әлеуеті арасындағы тепе-теңдікті қалай табуға болатыны талқыланады. Форум IT мамандар мен сарапшыларға өз білімімен бөлісуге мүмкіндік береді. Қазақстан инновациялық дамудың жоғары әлеуетіне ие, - деді басшы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ғалымдар мен жас таланттардың шоғырлануына қолайлы жағдай жасалып жатыр.

Қазақстандықтардың әртүрлі салада әзірлеген жасанды интеллект өнімдері бар. Бүгінде олар әлем назарын өзіне аударып отыр. Біз мұны сөзсіз, мақтан тұтамыз. Жасанды интеллект экономиканы, өнеркәсіпті, ғылым мен техниканы дамытуда зор әлеуетке ие, - деді министр.

2 күнге жоспарланған іс-шара аясында мемлекет басшысының қатысуымен өтетін пленарлық отырыс, one-to-one кездесулер, халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан аса панельдік сессия, келісімдерге қол қою, Hub Battle үздік IT-стартап үшін дода, Google for Startups іс-шаралары, Digital Bridge Awards (үздік стартаптарға, инновациялық жобаларға және кәсіпкерлерге берілетін халықаралық сыйлық) өтеді әрі 100 қазақстандық және шетелдік технологиялық стартап инновациялық шешімдерін ұсынады.

Сондай-ақ форумда Astana Hub Battle додасы өтеді, Онда үздік IT-стартаптар анықтады. Биыл батлдың жүлде қоры 4 есеге ұлғайған.

Биыл біз Astana Hub Battle концепциясын сәл өзгерттік. Жеңімпаздар 3 номинация бойынша марапатталады – Best Social Impact, The Most Innovative, Exponential Growth. Жүлде қоры 75 мың долларға дейін артады: әр номинация бойынша 25  мың доллар. Қазылар алқасының құрамында қазақстандық ірі инвесторлар болады. Сондықтан ресми жүлдеден бөлек, қазылар алқасынан қосымша ұсыныстар болуы мүмкін. Менің ойымша, бұл болашағы бар жобалар болуға тиіс, - деді Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев.

Digital Bridge 2023 аясында өтетін Astana Hub Battle-ға қатысуға өтінімдер digitalbridge.kz сайтында 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

Іріктеуден өткен бәсекеге қабілетті 100 жоба қазылар алқасының назарына ұсынылады. Олар форумның бірінші күні жартылай финалда жобаларын бір минутта таныстыруға тиіс. Сынақтан сүрінбей өткен 10 стартап финалда өзара мықтыны анықтайды.

Айта кетейік, Digital Bridge технологиялық форумы 2018 жылдан бері Астанада жыл сайын өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Astana Hub халықаралық технопаркі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама