×

Алматы облысында ерте темір ғасырға жататын отбасылық қабір табылды

Қорымды ҚазҰУ-дің археологтары Талғар ауданының Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде тапты

 Дастан Жұмабекұлы 24.07.2023 | 13:47
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы тарих ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор Досбол Байғонақовтың жетекшілігімен Алматы облысының Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде ерте темір ғасырына жататын отбасылық қабірді тапты.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, зерттеу жұмыстары «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле алқабы, Тарбағатай және Алакөл ойысы) мәдени мұрасын пәнаралық археологиялық және тарихи-этнографиялық зерттеу» атты бағдарламасы аясында жүргізілді.

Жұмыс кезінде ауылдың оңтүстік шетіндегі Кіші Алматы өзені жағалауындағы қорған зерттелді. Қорғанның диаметрі – 30 м, биіктігі – 0,5 м. Орталық бөліктен 1,2 м тереңдіктен бір деңгейде жатқан, бірақ жерлеу рәсімінде айырмашылықтары бар екі қабір аршылды.

Бірінші жерлеу орны батыстан шығысқа қарай бағытталып, ұсақ тастардың үстінде болды. Жерленген адамның бас жағына жануарлардың сүйектері, сондай-ақ құмыралар, аласа шыныаяқтар мен тостағандар түріндегі қыш ыдыстар қойылған. Сонымен қатар жерлеу орнынан қола айна мен алтын фольгаға оралған моншақ табылды. Жерленген адамның сол жағынан үш керамикалық бұйымның жатқаны белгілі болды.

Жерлеу шұңқырының шығыс бөлігі тоналған. Бұл қаңқа сүйектерінің көпшілігі жоқ екенін және біртұтас әшекей бұйымды құраған алтын моншақтардың көп бөлігінің қолды болғанын көрсетті.

Екінші жерлеу орны біріншісінен оңтүстікке қарай 1,5 м жерде орналасқан. Ол жерде тас төсендісі жоқ, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталып жатқызылған. Жерлеу орнынан алты керамикалық ыдыс пен үстіне пышақ қойылған малдың сүйектері анықталды. Сондай-ақ бас сүйегінің сол жағынан қола айна табылды. Бас сүйектің үстінен әшекей болуы мүмкін алтын фольга қалдықтары аршылды. Бағалы тастармен көмкерілген алтын сырға бас сүйек қорапшасы жанынан табылды. Тағы да алтын моншақ бөлігі алынды. Мәйіт ұзынынан созылып жатыр, оның аяқ сүйектері сақталмаған. Сондай-ақ оң қол саусақтарының тұсынан сақтарға тән акинак (қанжар) табылды. Темір акинактың ұзындығы – 30 см, сонымен қатар қынаптың алтын жабынының қалдықтары да анықталды. Екі саусақты ұстағышы мен суағары бар керамикалық ыдыстардың бірі үйсін заманымен мерзімделуі ықтимал, – делінген материалда.

Жерлеу рәсіміне қарағанда, бұл қабірлер әртүрлі уақыт аралығында салынды деп айтуға болады. Экспедиция жетекшісінің пікірінше, қорған үйіндісінің астында тағы да жерлеу орындары болуы мүмкін. Болашақта қорған толығымен зерттеледі.

Қазіргі уақытта табылған барлық олжа далалық зертхана жағдайында зерттелу үстінде. Табылған археологиялық кешендер жетісулық көне тұрғындардың заттық және рухани мәдениетінен мәлімет береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама