×

Астанада Азаматтарды қабылдау орталығы ашылды

Онда апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды

 Динара Амантай 21.07.2023 | 09:25
Фото: primeminister.kz

Биылғы шілде айынан бастап Министрліктер үйінде орталық мемлекеттік органдардың халықпен жұмыс жүргізу жөніндегі бірыңғай фронт-желісі саналатын Азаматтарды қабылдау орталығы өз жұмысын бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекет пен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа ортасын құру. Ал оның жұмысының негізгі қағидаттары – тұтынушыға бағдарлану, өтініш берушілерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыру және жалпы осы салаға жаңа стандарттарды енгізу.

Орталық базасында келушілер өздеріне ыңғайлы жағдайда кез келген мемлекеттік органға өтінішін бере алады.Сондай-ақ ХҚКО-ға ұқсас түрлі ведомстволар өкілдерінен, медиаторлар және заң мамандарынан кеңес ала алады. Сонымен қатар мұнда азаматтар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігіне ие болады. 

Орталық алаңында апта сайын 18 министрліктің өкілдері азаматтарды жеке қабылдайды. Кесте Үкімет сайтында алдын ала жарияланатын болады. Бұл ретте өңірлердің тұрғындарына елордаға арнайы келудің қажеті жоқ, өйткені оларды онлайн-форматта да қабылдау жүргізіледі.

Жаңа Орталықтың базасында цифрлық ХҚКО іске қосылды. Ол арқылы онлайн режимінде 1 мың 220 мемлекеттік қызмет түрін алуға болады. 

Орталықта ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнамасында, қылмыстық іс жүргізу немесе азаматтық іс жүргізу заңнамасында қарау тәртібі белгіленген өтініштер қабылданбайтынын атап өткен жөн. Бұл мәселелер бойынша азаматтар тиісті құқық қорғау немесе сот органдарының фронт-кеңселеріне жүгінуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама