×

Төтенше жағдайлар министрлігінің бірнеше лауазымды тұлғасы жемқорлық күдігіне ілінді

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр

 Динара Амантай 20.07.2023 | 10:56
Фото: stan.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті. Бұл туралы Антикордың жартыжылдық қорытынды отырысында төраға Асхат Жұмағали мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жасырын іс-шаралардың нәтижелері бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді. Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді. Пара көлемі 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

Бұдан басқа, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқықбұзушылықтарға қатысының бар-жоғы тексеріледі.

 Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама