×

Ақмола облысында бұрынғы бөлім басшысы бес жылға сотталды

Экс-басшы рұқсат қағазы үшін 12 миллион теңге сұраған

 Халық үні 20.07.2023 | 07:33
фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің экс-басшысы алаяқтық жасап, бес жылға сотталды, деп хабарлайды Ақмола облыстық соты.
ТКШ бөлімінің экс-басшысы А. азаматтарға мемлекеттік меншіктегі газ тарату станциясының ғимаратын бұзып, бөлшектеуді ұсынған.

Экс-басшы рұқсат қағазы үшін олардан 12 миллион теңге сұраған. Алдын ала төлем ретінде ол азаматтардан 4 миллион теңге алып, бұзу құқығы туралы жалған анықтама берген. Кейін объектіні бұзудың орнына жалға алуды ұсынып, олармен 30 жылға мүліктік басқару шартына қол қойысқан. Бұл үшін экс-басшы тағы ақша талап еткен, - дейді облыстық сот.

Осылайша, ТКШ бөлімінің экс-басшысы қызметтік бабын пайдалана отырып, Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 3-бөлігінің 1),2)-тармақтарына сәйкес ірі көлемде алаяқтық жасаған.

Сонымен қатар А. өз танысынан 11 000 000 теңге қарыз алып, оған ТКШ бөлімінің балансында тұрған генераторлық қондырғыны кепілге берген. Сөйтіп экс-басшы мемлекетке 1 322 381 теңге сомасында материалдық залал келтіріп, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған, - дейді ведомство.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, айғақтарды тексеру және нақтылау хаттамаларымен, құжаттарды алу және қарау хаттамасымен, қабылдау-тапсыру актісімен, тексеру хаттамасымен және сарапшылардың қорытындыларымен, аудиторлық есеппен дәлелденген.

«Сот үкімімен А-ға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, ол бұдан былай мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды», - делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама