×

Шымкенттік кардиохирургтар марқұм болған ер адамның жүрегін 61 жастағы тұрғынға салып берді

Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген

 Халық үні 19.07.2023 | 22:56
фото: ашық дереккөзден

Шымкентте 61 жастағы ер адамға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы жақсы деп, хабарлайды Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы желідегі парақшасында.

Жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ауруханаға арнайы барған.

Басқарма басшысы науқастың жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізген. Сондай-ақ Нұрлыбек Асылбеков пациентке жасалған транплантациялық отаның қала медицинасының дамуындағы зор жетістік екенін атап өткен.

Біздің жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығының мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды айтамын. Қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз, - дейді ол.

Айта кетейік, 61 жастағы тұрғынға жүрек алмастыру отасы 5 шілде күні Шымкенттегі жүрек орталығында жасалды. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін салып берген.

Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стент қойып берген. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама