×

ДСМ дәрі-дәрмек қобдишасының құрамын жаңартты

Ол пайдаланушының қалауы бойынша толықтырылуы мүмкін

 Динара Амантай 17.07.2023 | 09:55
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық алғашқы көмек көрсету үшін дәрі-дәрмек қобдишасының құрамын жаңартты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Түркия, Германия, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа елдердің халықаралық тәжірибесін талдауды ескере отырып, дәрі-дәрмек қобдишасының құрамы өзгертілген. Енді оның құрамына мыналар кіреді: дәке таңғыштар (стерильді және стерильді емес), эластикалық бинттер, таңғыш пакет, медициналық бұласыр, доғал темір қайшы, өкпені жасанды желдетуге арналған қалта маскасы, таңуға арналған орамал-бандаж, құтқару көрпесі, бір реттік мұз пакеті, ысқырық, шам, дәрі-дәрмек қобдишасына арналған футляр, блокнот, қарындаш, дымқыл майлықтар (антисептикалық), қолғаптар, шендеуіштер және зардап шеккен адамға медициналық алғашқы көмек көрсету бойынша пайдалану жөніндегі ұсынымдар.

Бұйрық бойынша, дәрі-дәрмек қобдишасы жеке қажеттіліктер мен сұранымдарға сәйкес, пайдаланушының қалауымен толықтырылуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

Өнеркәсіптік объектілерде дәрі-дәрмек қобдишасының құрамы қолдану жөніндегі нұсқаулықты қоса бере отырып, зиянды немесе қауіпті өндірістік факторларға байланысты зардап шеккен адамның денесінің зардап шеккен учаскесін шұғыл өңдеуге арналған құралдармен (антидоттармен) толықтырылады.

Дәрі-дәрмек қобдишасының жаңа құрамы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 10 шілдедегі бұйрығымен бекітілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама