×

Президент төтенше жағдайлар министрін қабылдады

Мемлекет басшысы ведомство басшысына бірқатар тапсырма берді

 Динара Амантай 12.07.2023 | 12:39
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ басшысы министрліктің атқарып жатқан жұмыстары мен жоспары жөнінде баяндап, алдағы уақытта іске асырылатын трансформация және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жұмыстары туралы мәлімдеді. Сонымен бірге ол төтенше жағдайлардың саны мен ауқымы ұлғайған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайдың салдарын жоюдан бұрын оның алдын алуға бағдарлау көзделіп отырғанын жеткізді.

Бұған қоса, мемлекет басшысына құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру және цифрландыру ісін нығайту, сондай-ақ құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің кадрлық әлеуетін арттыру, оларды әлеуметтік қорғау шараларын күшейту жөнінде ақпарат берілді.

Сырым Шәріпханов халықты алдын ала қорғауға қажетті жағдай жасау мақсатында қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуге айрықша мән беріліп отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке төтенше жағдайлардың санын азайту, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін іске асыру жөнінде тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама