×

Блогер Мұрат Әбділдаға қатысты сот шешімі шықты

Ол істеген ісіне өкініп, түзеліп жатқанын, дұрыс жолға түскенін айтты

 Дастан Жұмабекұлы 17.05.2024 | 11:17
Фото: Otyrar.kz

Осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік желіде ұлтаралық алауыздыққа бағытталған әрекет жасағаны үшін сотталған блогер Мұрат Әбділдаға қатысты сот шешімі шықты.

Сот оның жазасын ауыстыру жөніндегі өтінішін қанағаттандырмады. Блогер соттан жазасының өтелмеген мерзімін айыппұлға ауыстыруды сұрады. Алайда сот оның бұған дейін дәл осы баппен екі рет сотты болғанын ескеріп, блогердің өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Мұрат Әбділда сотқа бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны айыппұлға ауыстыру туралы өтініш жасап, өзінің істеген ісіне өкініп, түзеліп жатқанын, дұрыс жолға түскенін айтты.

Құрметті сот, кешірім сұраймын! Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қателігімді мойындаймын. Сабақ алдым. Кешіріммен қарауды сұраймын. Мүмкіндік берсеңіздер! – деді Мұрат Әбділда.

Оtyrar.kz-тің хабарлауынша, прокурор судьядан сотталғанның өтінішін қанағаттандырмауын сұраған. Ал Мұрат Әбділданың адвокаты оның түрмеде отырған 2 жыл 2 айда мінездемесінің жақсы болғанын, үш рет алғыс алғанын айтты. Содан кейін судья Талғат Қаһаров кеңесу бөлмесіне барып, біраз уақыттан кейін өз шешімін шығарды.

Қылмыстық кодекстің 73-бабы және ҚР ҚПК-нің 476, 477, 480-баптарын басшылыққа алып, сот қаулы етті: Сотталғанның өтініш хаты қанағаттандырусыз қалдырылсын, – деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Талғат Қаһаров.

Еске сала кетсек, блогер 2022 жылы ҚР ҚК-нің 174-бабы, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік алауыздық, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасағаны үшін 4 жыл 6 айға сотталған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама