×

«100 келі бөрене көтеріп, темір майыстыру»: Астанада алыптар сайысы қалай өтті

Алыптар найза лақтыру, бөрен ағаш көтеру, арба сүйреу, күрес, темір (арматура) майыстыру түрінен жарысты

 Айнұр Шошаева 06.07.2023 | 22:14
фото: Halyq Uni

Қазақстанның 15 өңірінен келген батырлар «Толағай» алыптар ашық турнирінде бақ сынады. Қатысушылар бес түрлі этноспорт түрінен жарысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл төл спортымыздың бір түрі. Бұл іс-шара біздің ата-бабамыздан қалған мұра, құндылықтарымызды сақтап отырған, осы күнге жеткізіп насихаттап отырған азаматтарға алғысымды білдіргім келеді, - деді турнирдің ашқан Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов. 

Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен елорданың 25 жылдығына орай 100-ден астам тұрлі мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілгенін атап өтті. 

Соның бірі - бүгінгі «Толағай» алыптар сайысы қала тұрғындары мен қонақтарын қаламыздың басты алаңында қарсы алып отыр. «Толағай» сайысы - батырларымызды дәріптейтін, ұлттық, қазақтың этноойындарын жаңғыртатын ерекше жоба. Қазақ қашан да, темірден түйін түйіп, тау көтерген батырламызбен ерекшеленген. Бұл сайыс елордада алғаш рет өткізіліп жатыр. Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыздың ізін жалғаушы батырларымызды ерекшелейтін ерекше жоба. Сондықтан бұл жоба жалғасып тауып, дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады деп сенеміз, - деді Байкен.

«Толағай» алыптар сайысы жобасының авторы – белгілі қазақстандық спортшы, қол күрестен Қазақстан және Азия чемпионы Темір Спатаев. 

«Балуан Шолақ, Қажымұқан, Иманжүсіп бабаларымыз аңсап, армандап кеткен жолдар алдарыңызда тұр. Бүгінгі батырлар олардың ізін жалғастыруда. Ауыл мен қаладан жауырыны тоқпақтай, мықты батырлар шығып жатыр. Мұндай жарыс бұған дейін Алматы облысы, Жаркент қалаларында өткен болатын. Әр облыста өтіп, әлемдік деңгейдегі жарыс болады деп ойлаймын. Өйткені патриоттық сезімді сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Менің арманым  - қазақтың қарапайым балалары әлемдік деңгейдегі жарыстарда елдің намысын қорғап, туын желбіретіп жатса деймін. Бұл зор мәртебе», - деді жоба авторы.  

Айта кетейік, алыптар найза лақтыру, бөрен ағаш көтеру, арба сүйреу, күрес, темір (арматура) майыстыру түрінен жарысты. Бес кезеңдік жарыстың нәтижесінде бірінші орынды Арыс қаласынан келген қатысушы Азамат Мақұлбеков иеленді. Сондай-ақ екінші орынды Қонаев қаласынан келген Ваид  Теңізбаев, ал үшінші орынды Шымкенттен келген қатысушы Нұрғиса Әзіретұлы алды. Азамат Мақұлбеков алыптар жарысына екінші рет қатысқан. 

Бұған дейін мамыр айында Шоңжыда өткен жарысқа қатысып, екінші орын алдым. Бұл жарыста бірінші орынды иелендім. Әрине, оңай болған жоқ. Бес кезең де қиын болды. Салмағы 100 келі бөрен ағаш көтердік. Қарсыластарым кіл мықтылар болды деп айтар едім. Шоңжыда өткен жарысты бірінші орынды иеленген алып бүгінгі жарыста екінші орынды алды. Сондықтан тек мықтылар келді деп сеніммен айта алам, - деді жеңімпаз. 

Ұлттық спортпен айналысып бастағанынан 5 жыл болғанын айтады. Аз уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мәселен, жақында ол қошқар көтеруден Қазақстанның рекордын жаңартқан. 

«Жақында қошқар көтеруден Қазақстан рекордын жаңарттым. 40 келі тартатын қошқарды көтеріп, 355 рет отырып тұрдым. 5,5 сағат бойы тоқтамастан көтеріп, рекорд жаңарттым. Ендігі жоспар – қазақтың ұлттық спортының қай түрінен болсын әлемдік рекордты орнату. Күзге қарай ойымды іске асырсам деп жоспарлап отырмын», - деп қосты спортшы. 

Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жарыстар еліміздің әр өңірінде өткізілсе деген тілегін айтты.

Өзім вахтада жұмыс істеймін. Бос уақытымда қол күрес, қазақ күресі, қошқар көтеру сияқты ұлттық спортпен шұғылданам. Арнайы дайындалам. Ұлттық спортты ұмытпай, оны дамытуға көңіл бөліп жатқаны қуантады. Әр өңірде дамыса деген тілегім бар. Себебі әр ауыл, облыста батырлар бар. Бірақ бәрі алыстағы қалаларға бара алмайды. Сол үшін әр өңірде өткізілсе жақсы болар еді, - деді Азамат Мақұлбеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама