×

Ақтөбе облысында 53 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылады

Жыл басынан бері өңірде 21 мыңнан аса азамат жұмысқа орналасқан

 Динара Амантай 05.07.2023 | 15:37
Фото: aqtobegazeti.kz

Биыл Ақтөбе облысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 53 мың адам жұмыспен қамту шараларына тартылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 21 мың 110 азамат жұмысқа орналасқан. Оның ішінде қысқа мерзім ішінде 284 адам кәсіптік оқуға жіберілсе, «Бастау Бизнес» жобасымен 4 мың 340 ақтөбелік кәсіпкерлік негіздерін үйренді. Электрондық еңбек биржасы порталы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша 1 мың 383 адам оқытылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына өңірдің 1 мың 311 тұрғыны жұмысқа орналасып, жастар практикасына – 279, қоғамдық жұмыстарға 4 мың 464 адам жіберілді. Сондай-ақ «Күміс жас» жобасы аясында 702 адам жұмысқа орналасты.

Өңірде кәсіпкерлікті дамытуға белсенділік жоғары: 354 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алып, 123 адам жастарға арналған 2,5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын пайдаланған. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүздеген ауыл тұрғыны өз ісін ашып, отбасыларын тұрақты табыспен қамтамасыз етті. Жобаны іске асыру басталғалы бері Ақтөбе облысының 5 ауылында жұмыссыздық толығымен жойылды.

Жалпы, облыстағы жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,8%, жастар арасындағы жұмыссыздық – 3,6%. Халықты жұмыспен қамту шаралары әлі де жалғаса бермек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама